ҚР ПІБ Президенттік орталығында Дүниежүзілік ғылым күніне орай және тұрақты дамуға арналған ғылымдардың халықаралық онжылдығы аясындағы «Орталық Азия елдерін тұрақты дамытуға арналған ғылым, деректер және болжау» атты халықаралық конференциясы өтті.
Іс-шара ЮНЕСКО-ның Алматыдағы аймақтық кеңсесімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Конференцияның мақсаты ғылым, деректер және стратегиялық болжамдау Орталық Азия елдеріне климаттық және технологиялық сын-тегежіндермен күресуге қалай көмектесе алатынын, сондай-ақ осы өзгерістердің барлық қоғам мүшелері үшін теңдей пайда әкелуін қамтамасыз етуді айқындау болып табылады.
Конференция жұмысына мемлекеттік органдардың, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері, стратегиялық талдау, климаттық бейімделу және инновациялық даму саласындағы сарапшылар, ғалымдар мен зерттеушілер қатарынан 100-ге жуық адам қатысты.
Талқылау барысында жасанды интеллект пен нейротехнологияларды енгізудің этикалық және әлеуметтік аспектілері, оның ішінде еңбек нарығына, дағдыларға және мүмкіндіктер теңдігіне әсері; климаттың өзгеруінің халықтың денсаулығына, жұмыспен қамтылуына және ұтқырлығына әлеуметтік салдары, сондай-ақ жастардың климаттық бастамалардағы рөлі; мемлекеттік басқару құралдары ретінде болашаққа стратегиялық болжамдау және сауаттылық мәселелері қаралды.
«Бүгінгі іс-шарамыздың маңызы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттер аясында арта түседі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Қазіргі әлемнің басты қозғаушы күші – білім, ғылым және озық инновациялар. Жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні терең меңгерген елдер ғана дамудың алдыңғы қатарына шығады», – деп атап өтті. Бұл ұстаным қазіргі кезеңдегі Қазақстанның стратегиялық бағытының негізгі тіректерінің бірі болып табылады. Өткен жылдың маусым айында өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Мемлекет басшысы өңірдегі адами капиталды нығайту мақсатында 2026 жылды Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Сондай-ақ биылғы жылдың Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануының да символдық мәні зор. Біз жаһандық өзгерістер қарқыны үдей түскен дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Мұндай жағдайда ғылымның жаһандық проблемаларды шешудегі маңызы барған сайын артып келеді. Климаттың өзгеруі, энергетикалық дағдарыс, ресурстар тапшылығы, цифрлық қауіпсіздік мәселелері – мұның барлығы инновациялық тәсілдер мен ғылыми негізделген шешімдерді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, тұрақты әрі бәсекеге қабілетті болашақты қалыптастырудағы ғылым мен ғалымдардың рөлін асыра бағалау мүмкін емес», – деп атап өтті өз сөзінде ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.
Айта кету керек, 2024–2026 жылдар аралығында Қазақстанда ғылымды дамытуға 703,6 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 9%-ға жоғары. Алғашқы практикалық нәтижелер де қазірдің өзінде байқалуда. Халықаралық валюта қорының Жасанды интеллектіні енгізуге дайындық жөніндегі жаһандық индексінде Қазақстан 0,55 көрсеткішімен әлемнің үздік 50 елінің қатарына еніп, дамушы нарықтағы мемлекеттердің орташа көрсеткішінен озып отыр.
ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы өңірлік кеңсесінің директоры, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан бойынша ЮНЕСКО өкілі Амир Пиричтің айтуынша, ғылыми ынтымақтастық ең алдымен адамға қызмет етуі, негізгі құқықтарды қорғауы және дауысы жеткіліксіз естілетін жастар мен қауымдастықтарға ортақ болашақты қалыптастыруға қатысу мүмкіндігін беруі тиіс.
«Осы тұрғыдан форсайт ерекше рөл атқарады. Оның мәні болашақты қателеспей болжау емес, дамудың әртүрлі сценарийлерін қарастырып, белгісіздікті ескере отырып, бүгіннен бастап неғұрлым салмақты шешімдер қабылдау болып табылады. Бір елдің аумағынан шығатын көптеген сын-қатерлерге тап болған Орталық Азия үшін үкіметтердің, ғылыми қауымдастықтың, азаматтық қоғамның және халықаралық серіктестердің диалогы мен ынтымақтастығы ерекше маңызды», – деді А. Пирич.
Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауынша, 2030 жылға қарай еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылардың шамамен 40%-ы өзгеріске ұшырайды. Осы кезеңде 170 млн жаңа жұмыс орны ашылып, 92 млн жұмыс орны қысқарады. Халықаралық валюта қорының деректеріне сәйкес, әлемдегі жұмыс орындарының шамамен 40%-ы жасанды интеллектінің (ЖИ) ықпалына ұшырауы мүмкін. Ал экономикасы дамыған елдерде бұл көрсеткіш шамамен 60%-ды құрайды.
Қырғыз Республикасының Ғылым, жоғары білім және инновациялар вице-министрі Лира Сулайманова өз баяндамасында осы саладағы жұмыстың үш негізгі бағытын атап өтті: біріншісі – цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллектті жауапкершілікпен қолдану, екіншісі – кадрларды даярлау және ғылыми әзірлемелерді практикада қолдану, үшіншісі – мемлекеттік басқаруда деректерді және стратегиялық болжамды пайдалану.
«Біздің елдеріміз ұқсас міндеттерді шешуде: ғылымды нығайту, білім сапасын арттыру және бүгінгі экономика үшін мамандар даярлау. Ғылыми білімнің мемлекеттік шешімдерде қолданыс табуы және жаңа технологиялардың адамдарға пайда әкелуі аса маңызды», – деп атап өтті спикер.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев Қазақстанның Орталық Азияда ғана емес, жалпы әлемдік ауқымда цифрлық хабқа айналу бойынша амбициялық міндеті алға қойғанын атап өтті. Бұл үшін бізде барлық қажетті жағдайлар бар.
«Қазіргі таңда Қазақстанның жаһандық көшбасшы бола алатын жобалары бар. Мысалы, ресми рейтингтер бойынша еліміз e-gov платформаларының үздік ондығына кіреді, БҰҰ рейтингін алсақ, Қазақстан 24-орында және болашақта бұл көрсеткішті жақсартатыны болжанып отыр. Әрине, халықаралық рейтингтер басты мақсат емес, бірақ олар бұл бағытта атқарылған жұмыстың нәтижесін нақты көрсетеді»,- деді вице-министр.
Сонымен қатар, іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары Айжан Сқақова, Юлия Кучинская, Мақсұт Насибулов, «Green Academy» ғылыми-білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің президенті Рүстем Биғари, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғалым хатшысы Айгүл Көшербаева, Өзбекстан мемлекеттік спорт академиясы жанындағы Дене шынықтыру және спорт ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Одилжон Дадабаев, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Ришат Рамазанов өз ойларымен бөлісті.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар жұмыстың негізгі бағыттарын белгіледі: мемлекеттік органдар, сарапшылар қауымдастығы және халықаралық ұйымдар арасындағы диалогты нығайту, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің климатқа бейімделу, цифрлық трансформация және стратегиялық болжау салаларындағы үздік тәжірибелерін алмасу. Сондай-ақ, ғылым мен технологиялар этикасы саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту бойынша ұсыныстар әзірленді. Конференция материалдары Тұрақты даму үшін ғылымның халықаралық онжылдығын (2024–2033 жылдар) іске асыруға үлес қосады.