Оның тағы бір ерекшелігі – еліміздегі ауқымды конституциялық және институционалдық өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келуінде.
Осы көктемде өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституциямыз мемлекеттік басқарудың жаңартылған архитектурасын бекітіп, адам құқықтары мен бостандықтарының конституциялық кепілдіктерін күшейткен, сондай-ақ адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияны мемлекеттің стратегиялық басымдықтары ретінде айқындаған.
Бүгінгі саяси жаңғырудың негізін құрайтын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы тек қоғамдық күн тәртібінің принципі ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік институттардың күнделікті жұмысында – қоғамның сұраныстарын ести білу, оларға дер кезінде жауап беру және кері байланыс тиімділігін арттыру ісінде нақты тәжірибеге айналуда.
Ендігі кезекте осы үдерістердің сабақтастығын қамтамасыз ету және оларды тиісті мазмұнмен толықтыру – басты міндет. Бұл мәселелер 28 қазанда жарияланатын Мемлекет басшысының алдағы Жолдауында қамтылады деп күтілуде.
Барша қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтаймын! Елімізге бейбітшілік пен тұрақтылық, үнемі даму мен жаңа жетістіктер, ал әрбір отбасыға денсаулық, амандық және болашаққа деген сенім тілеймін!