Ұлттық мұра – бұл тек өткеннің жады ғана емес. Ол қоғамның мәдени бірегейлігі қалыптасатын, ұрпақтар сабақтастығы сақталатын және өзінің тарихи даму жолын түсінуге мүмкіндік беретін негіз. Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы орасан зор. Архивтік құжаттар, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар, музей заттары, фотосуреттер, аудио және бейнематериалдар, ғылыми зерттеулер мен ауызша деректер қоғам үшін аса құнды болып табылады.
Бүгінде бұл мұраны сақтаудың жаңа мүмкіндіктері ашылуда. Солардың ішіндегі ең маңызды технологиялардың бірі – жасанды интеллект. Көп жылдар бойы мәдени мұраны сақтау негізінен тарихи материалдардың физикалық сақталуын қамтамасыз етуге бағытталды. Алайда уақыт өте келе бұл тәсілдер де өзгеруде. Қағаз құжаттар табиғи түрде ескіреді, фотосуреттер зақымдалуы мүмкін, магниттік тасымалдағыштардың сапасы уақыт өте төмендейді, ал бірегей материалдарға қолжетімділік көбіне шектеулі болады. Цифрландыру тарихи дереккөздің цифрлық көшірмесін жасау арқылы оны сақтаудың қосымша мүмкіндігін қалыптастырады.
Алайда цифрландырудың қазіргі кезеңі мұнымен шектелмеуі тиіс. Құжаттың цифрлық көшірмесін жасап қана қоймай, оның құрамындағы ақпаратты іздеуге, талдауға және зерттеуге қолжетімді ету маңызды. Дәл осы жерде жасанды интеллект жаңа мүмкіндіктер ашады.
Тарихи материалдардың үлкен көлемін өңдеу айтарлықтай ресурстарды қажет етеді. Жасанды интеллект жекелеген процестерді автоматтандыруға – мәтінді тануға, құжаттарды жіктеуге, кескіндерді анықтауға, ақпаратты құрылымдауға және әртүрлі дереккөздер арасындағы өзара байланысты анықтауға көмектесе алады.
Бұл әсіресе тарихи құжаттар үшін маңызды. Мыңдаған немесе миллиондаған беттен тұратын архивті елестетіп көрейік. Егер құжат тек кескін түрінде сақталса, оның ішінен белгілі бір есімді, оқиғаны немесе атауды табу қолмен қарауды талап етеді. Мәтінді тану технологиялары құжат кескінін цифрлық мәтінге айналдыруға мүмкіндік береді. Осыдан кейін ақпарат іздеуге және одан әрі талдауға қолжетімді болады.
Осылайша, жасанды интеллект үлкен көлемдегі шашыраңқы цифрлық материалдарды құрылымдалған ақпараттық ортаға айналдыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан үшін мұндай технологиялардың дамуының тағы бір маңызды қыры — тілдік орта. Тарихи материалдар қазақ, орыс тілдерінде, араб графикасында және басқа да тілдер мен жазу жүйелерінде ұсынылуы мүмкін. Сонымен қатар көне құжаттарда қазіргі тілден ерекшеленетін орфографиялық нормалар мен терминология кездеседі.
Сондықтан қазақ тілімен жұмыс істеуге арналған жасанды интеллект технологияларын дамыту ұлттық мұраны цифрлық форматта сақтаудың маңызды бөлігі болып табылады. Заманауи технологиялар қазақ тілінің ерекшеліктерін, тарихи терминологияны және мәтіннің әртүрлі берілу формаларын ескеруі қажет. Мұндай шешімдерді дамыту тарихи дереккөздермен тиімді жұмыс істеуге ғана емес, қазақ тілінің заманауи цифрлық ортадағы қолданысын кеңейтуге де мүмкіндік береді.
Ең перспективалы бағыттардың бірі – интеллектуалды іздеу жүйелері. Дәстүрлі іздеу кезінде пайдаланушы кілт сөзді енгізіп, сол сөз кездесетін құжаттардың тізімін алады. Ал жасанды интеллект біртіндеп мағыналық іздеуге көшуге мүмкіндік береді. Пайдаланушы сұрағын табиғи тілде қойып, өзара байланысты материалдарды ала алады.
Мысалы, белгілі бір тарихи оқиғаға қатысты сұраныс құжаттарды, фотосуреттерді, жарияланымдарды, өмірбаяндық мәліметтерді және басқа да байланысты дереккөздерді бір іздеу нәтижесінде біріктіруі мүмкін. Мұндай тәсіл зерттеушілердің мүмкіндіктерін едәуір кеңейте алады.
Тарих енді жеке-жеке құжаттардың жиынтығы ретінде ғана қабылданбайды. Цифрлық технологиялардың көмегімен әртүрлі дереккөздер арасындағы байланыстарды анықтап, белгілі бір тарихи кезең туралы неғұрлым тұтас түсінік қалыптастыруға мүмкіндік туады.
Жасанды интеллект адамның музей мұрасымен өзара әрекеттесу тәсілін де өзгерте алады. Музей затына тарихи контекстімен, бейнелерімен, құжаттарымен және басқа да нысандармен байланысты цифрлық сипаттама берілуі мүмкін. Болашақта келуші белгілі бір зат туралы қосымша ақпаратты тек дәстүрлі анықтамалық мәтін түрінде ғана емес, интерактивті цифрлық сервистер арқылы да ала алады.
Виртуалды көрмелер мен цифрлық экспозициялар жасау да аса перспективалы бағыттардың бірі болып табылады. Бұл музейге физикалық тұрғыдан келе алмайтын адамдарға ұлттық мұрамен танысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мектеп оқушыларына, студенттерге және зерттеушілерге арналған білім беру бағдарламаларын әзірлеуге жол ашады.
Дегенмен цифрлық формат дәстүрлі музейді алмастырмауы тиіс. Оның мақсаты – мәдени мұраға қолжетімділікті кеңейту және онымен өзара әрекеттесудің қосымша мүмкіндіктерін қалыптастыру.
Маңызды міндеттердің бірі — ұлттық мұраны жастар үшін қызықты әрі тартымды ету. Жаңа ұрпақ ақпаратты жылдам, көрнекі және интерактивті форматта алуға үйренген. Сондықтан тарихи материалдарды ұсынудың дәстүрлі формаларын заманауи цифрлық форматтармен толықтыру қажет.
Жасанды интеллект білім беру өнімдерін, интерактивті тарихи материалдарды, виртуалды экскурсияларды және цифрлық көмекшілерді жасау үшін пайдаланылуы мүмкін. Алайда танымал ету тарихты жеңілдетуге немесе бұрмалауға айналмауы керек. Технология білімді қолжетімді етуге көмектескенімен, ғылыми және тарихи шынайылық сақталуы тиіс.
Басты қағида – шынайылық.
Жасанды интеллект неғұрлым көп мүмкіндік берген сайын, жауапкершілік мәселесіне соғұрлым көп көңіл бөлу қажет. ЖИ үлкен көлемдегі ақпаратты талдай алады, алайда оның нәтижелері әрдайым қателіктен ада бола бермейді.
Тарихи материалдармен жұмыс кезінде бастапқы дереккөздерді тексеру ерекше маңызды. Қате танылған есім, дата немесе географиялық атау тарихи оқиғаны қате түсінуге алып келуі мүмкін.
Сондықтан ақпаратқа түпкілікті баға беру адамның жауапкершілігінде қалуы тиіс. Тарихшы, архивист, музей маманы, кітапханашы және зерттеуші кәсіби білімге ие. Бұл білімді алгоритммен толық алмастыру мүмкін емес.
Жасанды интеллект маманның орнын басатын дербес тарихи ақиқат көзі емес, маманға көмектесетін құрал болуы тиіс.
Бүгінде біз жасанды интеллект технологиялары беретін мүмкіндіктердің ауқымын енді ғана түсіне бастадық. Цифрландырылған және құрылымдалған тарихи материалдар тек қазіргі зерттеушілер үшін ғана пайдаланылмайды. Олар болашақ ғылыми зерттеулердің, білім беру жобаларының және жаңа цифрлық өнімдердің негізіне айналады.
Ондаған жылдар өткеннен кейін бүгінгі шешімдер Қазақстанның цифрлық трансформациясы тарихының бір бөлігі ретінде қарастырылуы мүмкін. Сондықтан дәл қазір сапалы цифрлық коллекцияларды қалыптастыру, олардың сақталуын қамтамасыз ету, деректерді сипаттаудың бірыңғай қағидаттарын қалыптастыру және технологияларды дамыту аса маңызды.
Жасанды интеллекттің дамуы қоғам алдына тек техникалық емес, сонымен қатар мәдени мәселелерді де қояды:
· Тарихи материалдардың шынайылығын қалай сақтаймыз?
· Цифрлық технологияларды жауапкершілікпен пайдалануды қалай қамтамасыз етеміз?
· Ұлттық мұраны бүкіл қоғамға қалай қолжетімді етеміз?
· Жаһандық цифрлық ортада мәдени бірегейлікті қалай сақтаймыз?
Осы сұрақтарға берілетін жауаптар Қазақстанның цифрлық мұрасының болашақтағы келбетін айқындайды.
Жасанды интеллект адамның мүмкіндіктерін едәуір кеңейте алады. Ол ақпаратты жылдам табуға, орасан зор құжаттар массивін өңдеуге, дереккөздер арасындағы байланысты анықтауға және тарих пен мәдениетпен өзара әрекеттесудің жаңа формаларын қалыптастыруға көмектеседі.
Алайда технология мақсаттың өзіне айналмауы тиіс.
Басты міндет – заманауи құралдардың көмегімен алдыңғы ұрпақтардан қалған мұраны сақтау, оны қазіргі адамға қолжетімді ету және болашақ ұрпаққа жеткізу.
Ұлттық мұра – халықтың жады.
Цифрлық технологиялар бізге осы жадыны жаңа форматтарда сақтауға мүмкіндік береді, ал жасанды интеллект оны әрбір адамға қолжетімді, түсінікті әрі жақын етуге көмектесетін маңызды құралдардың біріне айнала алады.
Азамат БӨКЕБАЕВ
Цифрландыру қызметінің басшысы