Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Президенттік орталығында Қазақстан Республикасының Атом энергиясы агенттігі мен Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы атом саласы қызметкерлері күніне арналған «Атом болашағы» атом ғылымы мен технологиялары жөніндегі халықаралық конференция өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастар аудиториясында Қазақстанның атом саласы туралы заманауи әрі объективті түсінік қалыптастыру, оны біртұтас жоғары технологиялық экожүйе ретінде таныту болды. Ұйымдастырушылар саланы дамытудың перспективаларын көрсетуге, сондай-ақ жастардың ғалымдармен, инженерлермен және саланың жас мамандарымен тікелей диалог орнатуына мүмкіндік беретін пікірталас алаңын қалыптастыруға басымдық берді.
Конференцияға уәкілетті мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми-зерттеу институттары мен атом саласы кәсіпорындарының өкілдері, сарапшылар, ғалымдар, сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары мен докторанттары қатарынан 100-ге жуық адам қатысты.
Қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде ведомство басшылары бұл саладағы ілгерілеу білікті кадрларға, қауіпсіздік талаптарын сақтауға және заманауи цифрлық үрдістерді енгізуге негізделуі тиіс екенін атап өтті.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 29 тамызда Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орай жасаған үндеуінде: «Атом энергиясы тек жасампаз мақсаттарға қызмет етуге тиіс. Жалпыхалықтық референдумда халқымыз ядролық энергетиканы дамыту бағытын нық қолдап, Қазақстанның алдағы ондаған жылдардағы экономикалық және ғылыми-технологиялық ілгерілеуіне берік негіз қалады», – деп атап өтті. Бұл тарихи шешімнің қазақстандықтарға оңайға түспегенін түсінуіміз керек. Халқымыздың қандай қасіретті сынақтарды бастан өткергені баршаға белгілі. Соның салдарынан ядролық фобия ұжымдық жадымызда ғана емес, генетикалық деңгейде де өз ізін қалдырды. 29 тамызда Қазақстан аумағында 40 жыл бойы жұмыс істеген Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толуын атап өттік. Ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі алғашқы мемлекет ретінде Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшыларының бірі ретінде лайықты мәртебеге ие болды. Ядролық қаруға балама ретінде еліміз ядролық энергетиканы дамыту және ядролық отын өндіру негізінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды қарастырады. Екі атом электр станциясын салу туралы шешім осы стратегиялық бағыттың айқын мысалы болып табылады. Атом энергетикасын дамыту қауіпсіздіктің ең жоғары стандарттарын, заманауи ғылыми-технологиялық базаны және білікті кәсіби кадрларды талап етеді. Бүгінде жас ғалымдар, инженерлер мен мамандар буыны еліміздің атом энергетикасының болашағын айқындайтын негізгі қозғаушы күшке және оның сенімді кепіліне айналып келеді», – деді өз құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.
Қатысушылар стратегиялық жоспарлау мәселелеріне ерекше назар аударды. Сарапшылар ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламалар елдің энергетикалық тәуелсіздігінің берік негізін қалыптастырып, жас ғалымдар үшін айқын бағдар жасайтынын атап өтті.
«Қазақстан Республикасының атом саласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясы саланы ұзақ мерзімді перспективада дамытудың кешенді пайымын қалыптастырады. Құжат ғылым, технология және кадр даярлау салаларындағы басым бағыттарды, қажетті құзыреттер мен міндеттерді айқындайды. Оны іске асыру заманауи, қауіпсіз әрі технологиялық тұрғыдан дамыған атом саласын қалыптастыруға мүмкіндік беруі тиіс», – деді Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Тимур Жантикин.
Негізгі сараптамалық пікірталас «Қазақстанның атом саласы бүгін: төрт қырынан» тақырыптық блогы аясында өрбіді. Талқылаудың негізгі бағыттарының бірі теориялық білімді практикада қолдану және отандық технологияларды коммерцияландыру мәселелері болды.
«Ғылыми әзірлеме нақты практикалық қолданысын тапқан кезде ғана шынайы құндылыққа ие болады. Біздің міндетіміз – ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, перспективалы шешімдердің идея мен тәжірибелік үлгіден бастап енгізу мен коммерцияландыруға дейінгі жолдан өтуіне қолдау көрсету», – деп атап өтті «Ядролық технологиялар паркі» АҚ басқарма төрағасы Жанат Байгазинов.
Тақырыпты жалғастыра отырып, спикерлер бір құрылым аясында мемлекет үшін маңызды бірнеше бағытты – іргелі ғылымнан бастап өмірлік маңызы бар өнімдер шығаруға дейінгі үдерістерді тиімді ұштастыруға мүмкіндік беретін синергиялық тәсілдің табысты мысалдарын келтірді.
«Ядролық физика институты іргелі және қолданбалы зерттеулерді, медицина мен өнеркәсіпке арналған радиоизотоптық өнімдер өндірісін, сондай-ақ кадрлар даярлауды біріктіреді. Мұндай кешенді тәсіл ядролық технологияларды дамытуға және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін практикада енгізуге мүмкіндік береді», – деді ҚР Энергетика министрлігіне қарасты «Ядролық физика институты» РМК Астана филиалының директоры Дарын Боргеков.
Баяндамалармен сондай-ақ «Біріккен ядролық зерттеулер институты» халықаралық үкіметаралық ғылыми ұйымының директоры, Ресей ғылым академиясының академигі Григорий Трубников, ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК бас директордың ғылым жөніндегі орынбасары Владимир Витюк, «ҚАЭС» ЖШС қаржыландыруды ұйымдастыру жөніндегі басшысы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Айзада Аққайсиева, Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігінің Қазақстандық қамту департаментінің директоры Данияр Джансейтов және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Ғылым, сирек металдар және сирек жер металдары департаментінің директоры, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Арманбек Өмірғали сөз сөйледі.
Сараптамалық баяндамалардан кейін пікірталас интерактивті форматқа ұласты. «Қазақстанның атом саласын кім қалыптастырады?» атты диалог барысында және «Атом саласының маманына сұрақ қой» ашық микрофонында жас зерттеушілер мен студенттер сала көшбасшыларына тікелей сұрақ қойып, нақты әрі кәсіби жауаптар алды.
Халықаралық конференция қорытындысында қатысушылар осындай кездесулердің ғылыми және өндірістік байланыстарды нығайту, сондай-ақ ортақ шешімдер қалыптастыру тұрғысынан маңыздылығын атап өтті.