22 қыркүйекте ҚР ПІБ Президенттік орталығының қызметкерлері «Музей және балалар (ең кішкентайларға арналған әліппе-жолкөрсеткіш)» ғылыми-ағартушылық бағдарламасы аясында елордалық №14 «Ақбөпе» балабақшасының тәрбиеленушілеріне арнап көшпелі интерактивті сабақ өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – мектеп жасына дейінгі балаларды музейдің ғажайып әлемімен таныстыру, олардың танымдық қызығушылығын арттыру және ерте жастан Қазақстанның мәдени-тарихи құндылықтарын бойына сіңіру.
Музейлік сабақ қызықты ойын түрінде өтіп, «М» әрпіне арналды. Интерактивті әңгімелесу барысында бүлдіршіндер музейдің не екенін, көне жәдігерлердің не үшін жиналып, сақталатынын біліп, музей ісінің негізгі ұғымдарымен танысты.
Мектепке дейінгі жастағы балалардың ерекше қызығушылығын бірегей музей жәдігерлері тудырды. Олар қордағы кейбір заттарды көріп қана қоймай, ұстап та көрді. Бұл оларға тарихи мұраның маңыздылығын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар сабақ бағдарламасы аясында тақырыптық жұмбақтар жасырылып, викториналар мен танымдық ойындар ұйымдастырылып, балабақша тәрбиеленушілері оған белсене қатысты.