Басты бетҚазақстанның тарихи карталары: ғасырлар сабақтастығының айғағы

Қазақстанның тарихи карталары: ғасырлар сабақтастығының айғағы

Қазақстанның тарихи карталары: ғасырлар сабақтастығының айғағы Қазақстанның тарихи карталары: ғасырлар сабақтастығының айғағы Қазақстанның тарихи карталары: ғасырлар сабақтастығының айғағы Қазақстанның тарихи карталары: ғасырлар сабақтастығының айғағы Қазақстанның тарихи карталары: ғасырлар сабақтастығының айғағы Қазақстанның тарихи карталары: ғасырлар сабақтастығының айғағы

Тарих тек шежірелер мен мұрағат құжаттарында ғана сақталмайды. Кейде ол көне карталардың нәзік сызықтарынан, өзендер мен қалалардың байырғы атауларынан, ғасырлар бұрын картографтар қағазға түсірген ұлан-ғайыр даланың бедерінен сыр шертеді. Әрбір карта – өз дәуірінің дүниетанымын, ғылыми таным деңгейін бейнелейтін әрі халықтардың тарихи жадының баға жетпес куәсі.
Осындай бірегей мұраны жұртшылыққа таныстыру мақсатында ҚР Президенттік орталығында 2026 жылғы 1 шілдеде еліміздің жаңа Конституциясының күшіне енген күніне орай Қазақстанның тарихи карталары галереясы ашылды.


Экспозицияда XI–XIX ғасырлар аралығында еуропалық және араб картографтары жасаған 50-ден астам бірегей тарихи карта ұсынылған. Бұл сирек картографиялық мұралар география ғылымы мен картографияның даму жолын, картографиялық танымның эволюциясын айқын көрсетіп қана қоймай, Ұлы даланың бейнесі әлемдік тарихи санада қалай қалыптасқанын да танытады.


Экспозициядағы карталардың тарихи құндылығы ерекше. Олар қазақ мемлекеттілігінің үзілмеген сабақтастығын, қазіргі Қазақстан аумағының саяси-географиялық бірегейлігін және тарихи жадтың жалғастығын дәлелдейтін маңызды дереккөздер болып табылады. Карталарда автоэтнонимдер, көне топонимдер, қалалар мен дала иеліктерінің атаулары және Ұлы дала аумағындағы өзге де географиялық нысандар сақталған. Оларды зерттеу арқылы өңірдің этносаяси тарихын және Орталық Азияның тарихи-географиялық кеңістігінің қалыптасу үдерістерін тереңірек зерделеуге мүмкіндік туады.


Галерея – көрме алаңы ғана емес, картографиялық мұраны, тарихи топонимиканы және әртүрлі дәуір картографтарының еңбектеріндегі Ұлы дала туралы түсініктің өзгеруін зерттеуге арналған ғылыми-танымдық кеңістік. Мұнда алғашқы шартты бейнелерден бастап ғылыми дәлдігі жоғары карталарға дейінгі картография өнерінің даму кезеңдері көрініс тауып, ғылыми ойдың және картографиялау әдістерінің жетілу жолы айқын көрсетілген. Әрбір карта – жай ғана тарихи құжат емес, өз дәуірінің қайталанбас куәгері әрі Ұлы даланың әлемдік картографиялық дәстүрдегі орнын айқындайтын бірегей мәдени мұра.


Галерея ашылған күннен бастап бүгінгі күнге дейін галереяны екі жарым мыңға жуық адам тамашалады. Қысқа уақыт ішінде бұл жоба Президенттік орталықтың маңызды ғылыми-ағартушылық және мәдени бастамаларының біріне айналып, ғылыми және білім беру қауымдастығының, дипломатиялық корпустың, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғам қайраткерлерінің, блогерлердің, сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтарының зор қызығушылығына ие болды.


Галереяның құрметті қонақтарының қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері Т.Ы. Сүлейменов, И.И. Рогов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Б. Сыдықов бастаған университет ұжымы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Ғ. Аяған, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалының директоры, профессор А.В. Сидорович, география ғылымдарының кандидаты В.С. Дехнич және басқа да көрнекті тұлғалар бар.


Жобаға халықаралық қауымдастықтың да қызығушылығы жоғары. Галереяны Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдері, атап айтқанда Латвия Республикасы, Қырғыз Республикасы, Оман Сұлтандығы, Ресей Федерациясы және Франция Республикасы дипломатиялық миссияларының өкілдері, сондай-ақ Свами Вивекананда атындағы Үнді мәдени орталығының басшысы Налини Сингхал арнайы келіп тамашалады.


Галереяның Қазақстан Республикасы Конституциясының күшіне енген күніне орай ашылуының өзіндік терең мәні бар. Ата Заңымыз еліміздің егемендігін, аумақтық тұтастығын және қазіргі мемлекеттілігінің құқықтық негіздерін айқындаса, экспозициядағы көне карталар қазақ мемлекеттілігінің ғасырлар қойнауынан бастау алатын терең тарихи тамырын әлемдік картографиялық мұрада айқын бейнелейді. 

Бүгінде Қазақстанның тарихи карталары галереясы өзінің басты миссиясын абыроймен атқарып келеді. Ол өткен мен бүгінді жалғайтын рухани көпірге айналып, көне карталарды халқымыздың тарихы, мәдениеті мен мемлекеттілігі туралы сыр шертетін тірі куәгерлерге айналдырады. Бұл – әрбір келушіге өткеннің жаңа беттерін ашуға, Қазақстанды әр дәуірдің көрнекті картографтарының көзімен тануға және Ұлы даланың бай тарихи-мәдени мұрасын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін бірегей ғылыми-мәдени кеңістік.