2026 жылғы 1 шілдеде сағат 15.00-де ҚР ПІБ Президенттік орталығында Қазақстанның тарихи карталар галереясының салтанатты ашылуы, сондай-ақ кәдесый және қолөнер аймақтарының таныстырылымы өтеді.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық мемлекеттіліктің сан ғасырлық тарихын кеңінен насихаттау, ғылыми тұрғыдан зерделеу және тарихи-мәдени мұраны сақтау жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында, сондай-ақ 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануына орай жүзеге асырылды. Конституцияның маңызды жаңашылдықтарының бірі – Ұлы даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы туралы қағиданың бекітілуі.
Салтанатты рәсімге мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері, мәдениет және білім саласының қайраткерлері қатысады.
Қазақстанның тарихи карталар галереясы – еліміздегі келушілер үшін ашық қолжетімді алғашқы тұрақты экспозиция. Экспозицияның ғылыми негізін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Заманауи зерттеулер институтының директоры, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың іргелі ғылыми зерттеулері құрайды.
Галереяның бірегейлігі – онда XI–XIX ғасырлардағы белгілі араб, еуропалық және ресейлік саяхатшылар мен зерттеушілердің тарихи карталары жинақталған. Бұл карталар қазақ мемлекеттілігінің сан ғасырлық эволюциясын көрнекі түрде бейнелейді.
Президенттік орталық базасында галереяның ашылуы – еліміздің тарихи мұрасын сақтау, кеңінен насихаттау және заманауи форматта таныстыруға бағытталған маңызды стратегиялық қадам. Жоба тарихи ғылымды, музей кеңістігін және ағартушылық қызметті тоғыстыратын заманауи ғылыми-білім беру алаңы ретінде қызмет етеді. Сонымен қатар, жоба Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының нормаларын ілгерілетуге бағытталған алғашқы практикалық іс-шаралардың бірі болып табылады.
Сонымен қатар, іс-шара аясында еліміздің жетекші қолөнер шеберлері – белгілі зергер Берік Әлібай мен әскери тарих саласының танымал сарапшысы, этнограф-қарутанушы Қалиолла Ахметжан қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің бірегей туындыларын таныстыратын ерекше қолөнер аймақтарының салтанатты ашылуы өтеді.
Қазақстанның тарихи карталар галереясы, кәдесый және қолөнер аймақтарының бір жоба аясында таныстырылуы ұлттық мемлекеттіліктің сан ғасырлық тарихы мен елдің бай мәдени мұрасын сақтап, келер ұрпаққа жеткізу ісінің өзара сабақтастығын айшықтайтын маңызды бастама болып табылады.