Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында 5 мамыр күні Ұлы Жеңісті мерекелеу қарсаңында «Ерлік елге мұра» мерекелік шарасы өтеді. Салтанатты шараны Орталық қызметкерлерімен бірлесе отырып, Ғ. Орманов атындағы №7 мектеп-гимназияның оқушылары дайындады.
Іс-шара өскелең ұрпақтың бойында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерлік істерінен үлгі алып, оқушыларды отансүйгіштікке баулуға бағытталды.
Оқушылар шығармашылық өлеңдерге толықтырылған әдеби-музыкалық қойылымдар дайындады. Сонымен қатар оқушылар аттары аңызға айналған батырларымыз – Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Талғат Бегелдинов, Рахымжан Қошқарбаев және Сағадат Нұрмағамбетовтің ерліктерін сахнада сомдады. Ыстық ұясымен қоштасу, майдандағы қиындықтар туралы сахналық қойылымдар ешкімді де бей-жай қалдырмағаны анық.
Шарада ақын Жамбыл Жабаев пен қатысушы мектеп-гимназияға аты берілген Ғали Ормановтың арасындағы рухани байланыс та аталып өтілді. Жаумен соғыста халықты жігерлендірген, рух берген «Ленинградтық өрендерім!» әнінің авторы Ж. Жабаевтың 180 жыл толуына орай өлеңдері оқылды. 1939-1945 жылдар аралығында Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы қызметін атқарған Ғ. Ормановтың еңбегінің нәтижесінде ұлы ақынның көптеген шығармалары бүгінгі күнге жеткені аталды.
«Іс-шарамыздың мақсаты – тарихтың фактілерін еске алу ғана емес, Ұлы жеңістің қиындығы мен қуанышын балалардың жүрегіне жеткізе білу. Әрбір оқушы бүгінгі күнгі ашық аспан – ата-бабаларымыз қалдырған аманат екенін түсінуі қажет» - дейді шараны дайындаған тарих пәнінің мұғалімі А. Шекеров.