28 сәуірде Президенттік орталықтың Мәдени-білім беру жобалары қызметінің қызметкерлері Еуразия гуманитарлық институтының Жоғары колледжі студенттеріне арналған көшпелі дәріс өткізді. Кездесу қазіргі заманның ең өзекті тақырыптарының бірі – экологиялық мәселелер мен оларды шешу жолдарын іздеуге арналды.
«Қазіргі заманның экологиялық мәселелері» атты дәріс барысында тыңдаушыларға қоршаған ортаның қазіргі жай-күйі туралы терең талдау ұсынылды. Жаһандық сын-қатерлерге: климаттың өзгеруіне, табиғи экожүйелердің деградациясына және су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды. Дәріскер Қазақстан Республикасының экологиялық саясаты мен орнықты дамуға қол жеткізуге бағытталған халықаралық бастамалардың маңыздылығын атап көрсетті.
Кездесу барысында ағарту саласындағы жаңа мемлекеттік бастамаларға ерекше назар аударылды. Соның ішінде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқу процесіне арнайы «жасыл сабақтарды» енгізу туралы жуырда берген тапсырмасы талқыланды. Президент: «Тазалықтың тірегі – тәрбие. Балаларды экологиялық мәдениет пен еңбекке мектеп жасынан баулу қажет. Сондықтан экологиялық акцияларға оқушылар мен студенттердің белсене қатысқаны жөн», – деп атап көрсеткен болатын. Бұл білімді жүйелендіруге және экологиялық жауапкершілікті әрбір қазақстандықтың мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналдыруға бағытталған бастама.
Сабақ бағдарламасы студенттердің экологиялық санасын және мен азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағдарланды. Сабаққа қатысушылар пікірталасқа белсенді араласып, технологиялық прогрестің табиғатқа әсерін және биоалуантүрлілікті сақтаудағы әрбір адамның рөлін талқылады. «Жасыл» күн тәртібінің әрбір азамат деңгейіндегі нақты іс-әрекеттерге қалай ұласатынына баса назар аударылды.