24 сәуірде ҚР ПІБ Президенттік орталығы Астана қаласындағы № 91 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушылары үшін тамыры терең қазақ зергерлік өнері дәстүрлеріне арналған көшпелі музей сабағын өткізді.
Сабақ барысында Мәдени-білім беру жобалары қызметінің мамандары оқушыларға XVIII–XIX ғасырлардағы зергерлік бұйымдарды көрнекі түрде таныстыра отырып, зергерлік өнердің қалыптасу тарихын баяндап берді.
Гимназия оқушылары дала мәдениетіндегі әшекейлердің жай ғана сәндік бұйым емес, адамның әлеуметтік мәртебесін, рулық түп-тегін және отбасылық жағдайын анықтауға мүмкіндік беретін өзіндік «ақпараттық код» болғанын білді.
Сабақ бағдарламасында бұйымдардың материалы мен дайындалу техникасы – күміс пен табиғи тастарды пайдаланудан бастап, бедерлеу және зерлеу сияқты күрделі әдістерге дейін егжей-тегжейлі талданды. Ою-өрнектердің символикасына және шолпы, бес білезік, отау жүзік сияқты бұйымдардың атқаратын қызметіне ерекше назар аударылды. Оқушыларға әрбір әшекейдің тұмар ретінде саналғанын және ата-бабалар мен ұрпақтарды жалғастыратын алтын арқау ретінде ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасылық жәдігер болғаны түсіндірілді.