Ақмола облысы Целиноград ауданының Қоянды ауылындағы мектеп-лицейде ҚР Президенттік орталығының «Аталар дәстүріне адалдық» мәдени-ағартушылық жобасының салтанатты ашылуы өтті. Жоба Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан қарқынды дамып, әлемдік аренада өз орнын нық айқындаған заманауи мемлекетке айналды. Осы тұрғыда мерейтойлық меже ұлттық бірегейлікті нығайтып, өткенге құрметпен қарап, болашаққа сеніммен қадам басудың маңыздылығын айқындайды.
Аталған жоба ұлттық құндылықтарды нығайтуға, тарихи жадыны сақтауға және ата-бабалар мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты миссиясы – дәстүр мен ғылым мен технология жетістіктерін үйлестіре отырып, жастардың заманауи әрі прогрессивті дүниетанымын қалыптастыру. 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануына байланысты жоба өзектілігі арта түсіп, ел дамуы жолындағы білімнің, инновацияның және тарихи сабақтастықтың маңызын айқындайды.
Биыл жоба алаңы ретінде Қоянды ауылындағы мектеп-лицейдің таңдалуы өңірдегі мәдени-ағартушылық бастамалардың жаңа кезеңін білдіреді.
«Бүгінгі шара – жай ғана жоспарланған іс-шара емес, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және ұлттық рухты жаңғыртуға бағытталған маңызды рухани қадам. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 35 жылдығын мерекелеу аясында жүзеге асырылып отырған бұл жоба тарихи жадымызды жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды заманауи талаптармен үйлестіруге бағытталған. Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағаны жобаның мазмұндық өзектілігін арттыра түседі. Бұл еліміздің стратегиялық дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып, технологиялық өркениеттің ажырамас бөлігіне айналуға жол ашады деп сенеміз», – деді Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова құттықтау сөзінде.
Жобаның салтанатты ашылуы аясында Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғали сөз сөйледі.
Жоба бағдарламасы салтанатты ашылудан басталып, Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының қорынан алынған 100-ден астам бірегей экспонаттар, кітаптар мен мерзімді басылым материалдарын қамтитын «Білім және интеллект тоғысқан адал азамат» атты көшпелі көрмемен жалғасын тапты. Көрме қазақ халқының рухани және ғылыми дамуына зор үлес қосқан көрнекті тұлғалардың білім жолынан бастап, тарихи оқиғалардың терең қырларын ашады.
Сонымен қатар, оқушылар үшін Ұлы Отан соғысы қатысушыларының ерлігіне, сол кезеңдегі тарихи оқиғаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қалыптасуы мен дамуына арналған мазмұнды тақырыптық экскурсиялар ұйымдастырылды.
Жоғары сынып оқушыларына арналған «Жаңа шындықтағы Қазақстан: жастар өзгерістер дәуірінде» тақырыбында семинар-тренинг өткізіліп, онда мемлекеттің қазіргі даму үдерістері мен трансформация кезеңіндегі жастардың рөлі талқыланды.
Жалпы, іс-шараларға мектеп-лицейдің 300-ге жуық оқушысы қатысты.
Айта кету керек, «Аталар дәстүріне адалдық» жобасы қоғамның рухани негіздерін нығайтуға, жастардың тарихи санасын дамытуға және ұлттық құндылықтарды жаңа форматта дәріптеуге бағытталған маңызды бастамаға айналды.