17 сәуір күні №86 мектеп-гимназиясының оқушылары үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне арналған көшпелі дәріс ұйымдастырылды.
Президенттік орталықтың жетекші ғылыми қызметкері Гүлжан Рамазанова оқушыларға Ту, Елтаңба және Әнұранның шығу тарихына терең талдау жасап, олардың ұлттың өткені мен болашағын байланыстырушы рөлін атап өтті. Дәріс барысында 1997 жылы мемлекеттік рәміздер эталондарын Алматыдан Ақмолаға салтанатты түрде көшіру сәті бейнеленген мұрағаттық кадрларға ерекше назар аударылды. Бұл оқушыларға мемлекеттік рәміздердің тарихи сабақтастығын өз көзімен көруге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, дәрісте әр элементтің мағыналық мәні егжей-тегжейлі талданды. Оқушылар рәміздерді дайындаудың технологиялық қыр-сырымен, атап айтқанда, Елтаңбаны құю және Туды басып шығару кезеңдерімен танысып, мемлекеттік стандарттарды сақтаудың маңыздылығын ұғынды.
Кездесудің қорытынды бөлімі Әнұран тарихына және 2007 жылғы Контитуциялық заңға сәйкес ұлттық рәміздерді пайдалану ережелеріне арналды. Оқушыларға «Менің Қазақстаным» әніне оның мемлекеттік мәртебесін асқақтату мақсатында 2006 жылы енгізілген өзгерістер туралы ақпарат берілді.
Мұндай кездесулер жастардың бойында отансүйгіштік сезім мен ел рәміздеріне деген құрметті қалыптастырады. Бұл өскелең ұрпақтың Қазақстан болашағындағы өз рөлін сезініп, саналы азамат болып өсулеріне ықпал етеді.