ҚР ПІБ Президенттік орталығының ағартушылық бастамаларын іске асыру аясында сәуір айының алғашқы онкүндігінде «Қазіргі заманның экологиялық проблемалары: жай-күйі және шешу жолдары» тақырыбында көшпелі дәрістер сериясы өткізілді. Іс-шаралар Қазақстан Халықаралық Лингвистикалық колледжі (KILC) және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті колледжінің студенттік қауымдастығын қамтыды.
Өткізілген дәрістер барысында ҚР ПІБ Мәдени және білім беру жобалары қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Гүлден Қарағызова қазіргі экологиялық жағдайға егжей-тегжейлі шолу жасады. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттерге ерекше назар аударылды. Президент табиғи ресурстарға ұқыпты қараудың жаңа идеологиясын қалыптастыру және «жасыл экономиканы» дамыту мемлекеттік саясаттың негізі екенін атап көрсеткен болатын.
Мемлекет басшысының бастамасымен миллиондаған азаматтың басын қосқан ауқымды қозғалысқа ұласқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын талқылау кездесулердің басты арқауы болды. Экологиялық мәдениет – бұл бір реттік іс-шаралар емес, күнделікті өмір салты және шынайы патриотизмнің көрінісі екені атап өтілді. Дәріскер Президенттің табиғатқа ұқыпты қарауды ұлттық идеологияның бір бөлігіне айналдыру, орман алқаптарын көбейтуді жалпыхалықтық іске айналдыру және мектептен жоғары оқу орнына дейінгі барлық деңгейде эко-ағарту стандартын енгізу туралы тапсырмасына айрықша назар аударды. Бүгінде аумағы 100 мың гектардан асатын Астананың «Жасыл белдеуі» – бірегей қолдан жасалған орман мысалы аудиторияның ерекше қызығушылығын тудырды.
Көшпелі дәрістер ашық диалог форматында өтті. Колледж студенттері пікірталасқа белсене қатысып, суды рационалды тұтыну, полигондардың экологиялық салдарын жою және шөлейттенуге қарсы күрес мәселелерін талқылады. Тыңдаушылар Қазақстанның бірегей табиғатын сақтау жауапкершілігі елдің әрбір азаматына жүктелетінін нақты атап көрсетті.