ҚР ПІБ Президенттік орталығында Қазақстан жерінен Юрий Гагарин ғарышқа ұшқанына 65 жыл толуына және ғарыш туризмінің 25 жылдығына арналған «Кеттік! 65 жыл бұрын...» атты архивтік-иллюстрациялық көрменің ашылуы өтті.
Көрменің серіктестері ретінде Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, ғарыш саласындағы қазақстандық кәсіпорындар және «Байқоңыр» ғарыш айлағының тарихы музейі қатысты.
Көрменің мақсаты – адамзаттың ғарышқа алғаш ұшуынан бастап Қазақстанның қазіргі заманғы ғарыш саласының қалыптасуы мен дамуына дейінгі тарихи сабақтастықты көрсету, сондай-ақ еліміздің жетістіктеріндегі оның рөлін айқындау. Сонымен қатар, бұл көрме Қазақстанның ғарыш мұрасын насихаттауға және саланың инновациялық дамуының үлгісі ретінде коммерциялық ғарыш туризмінің 25 жылдығын танытуға бағытталған.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері, ғарыш қызметі саласындағы кәсіпорындардың қызметкерлері, ҚР Парламентінің депутаттары, сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері – барлығы 100-ге жуық адам қатысты.
«12 сәуірде бүкіл адамзат тарихи маңызы зор айтулы күн – адамның ғарышқа алғаш ұшқанына 65 жыл толуын атап өтеді. Бұл күн Қазақстан үшін ерекше мәнге ие. Өйткені дәл осы қазақ жерінде адамзат өркениетінің ғарыш дәуірі бастау алды. Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуы ғылыми-техникалық прогрестің ұлы символына айналып, адам мүмкіндіктерінің шексіздігін танытқан теңдессіз серпіліс болды. Ғарыш саласы үшін мерейтойлық бұл жылдың еліміздің тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келуі де терең символдық мәнге ие. 1991 жылы Қазақстан егемендігінің символдық бастауы Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуымен астасып жатыр. Аталған тарихи оқиғаның 35 жылдығымен қатар, биыл біз оның 80 жылдық мерейтойын да атап өтеміз. Сондай-ақ, биыл тағы бір даңқты қазақстандық ғарышкер Талғат Мұсабаевтің 75 жылдығы аталып өтер еді», – деп өз сөзінде Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат атап өтті.
Көрмеде 30-ға жуық музейлік экспонат пен 60-тан астам архивтік материал ұсынылған.
Айта кету керек, көрме екі бөлімнен тұрады:
І. «Шексіз ғарышқа алғашқы қадам» – бұл бөлімде Юрий Гагарин ғарышқа алғашқы ұшуының тарихи маңызы көрсетіліп, адамзаттың ғарышты игеруіндегі жаңа дәуірдің басталғаны баяндалады.
ІІ. «Қазақстан және ғарыш» – бұл бөлімде Қазақстан Республикасының ғарыш саласының дамуы туралы материалдар ұсынылған. Негізгі назар қазақстандық ғарышкерлердің жетістіктеріне аударылған: Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов. Сонымен қатар, бұл бөлімде алғашқы ғарыш туристі Деннис Тито ұшуы туралы да айтылады.
«Біздің отбасы Байқоңырда отыз үш жыл өмір сүріп, еңбек етті. Журналист ретінде мен қазақстандық ғарыш тарихының бір бөлігі болу бақытына ие болдым. Бұл мен үшін үлкен шабыт көзі. Өйткені бұл жай ғана тарих беттері емес. Бұл – Қазақстан жерінен естілетін Ғаламның үні. Бұл – ғарышты игерудің маңыздылығын көрсетуге деген ұмтылыс, тағдыр біздің елге сыйлаған аңызға айналған Байқоңырды қолдау және сақтау ниеті. Бүгінгі көрме – жұлдыздарға жол ашқан жандарға деген құрмет пен тағзым», – деді Байқоңыр қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, қазақстандық ғарыш шежірешісі Сара Нұрғалиева.
Ресми ашылу рәсімінің соңында С. Нұрғалиева Қазақстан Республикасы Президенттік орталығына қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі авторлық тақырыптық басылымдарын сыйға тартты.
Анықтама. Юрий Гагариннің ұшуы тек Кеңес Одағы үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін бетбұрыс кезең болды. Бұл оқиға ғарышты зерттеудің жаңа дәуірін ашып, ғылыми прогрестің символына айналды және бүкіл әлем адамдарын ғарышты игеру туралы армандауға шабыттандырды.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап өзінің ғарыш саласын дамытуда. 1991 жылғы 2 қазанда ғарышқа тұңғыш қазақ ғарышкері – Кеңес Одағының Батыры, КСРО-ның еңбек сіңірген сынақшы-ұшқышы, КСРО және Қазақстан Республикасының ұшқыш-ғарышкері, «Халық Қаһарманы» Тоқтар Әубәкіров ұшты. Ол 1991 жылғы 2–10 қазан аралығында «Мир» орбиталық кешеніне сапар экспедициясы құрамында ғарышта болды.
1994–2001 жылдар аралығында қазақстандық ғарышкер Талғат Мұсабаев үш мәрте ғарышқа ұшты. Ол бір ұшу барысында ашық ғарышта бір тәуліктен астам уақыт өткізуі арқылы Гиннестің рекордтар кітабына енді. 2001 жылғы 28 сәуірде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған «Союз ТМ-32» ғарыш кемесінің экипажын басқарған Т. Мұсабаевтың құрамында алғашқы ғарыш туристі – америкалық миллионер Деннис Тито болды.
Айдын Айымбетов – үшінші қазақстандық ғарышкер. Ол 2015 жылғы 2 қыркүйекте Халықаралық ғарыш станциясына ЭП-18 экспедициясының бортинженері ретінде ұшып, ғарышта шамамен 10 күн болды.
2006 жылғы 18 маусымда «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Қазақстанның алғашқы геостационарлық «KazSat-1» байланыс спутнигі ұшырылып, елде дербес спутниктік байланыс дәуірінің басталуына жол ашты. 2007 жылғы 27 наурызда Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігі – «Қазғарыш» ресми түрде құрылды.
Қазақстанның шөлейтті даласында орналасқан Байқоңыр – ғарыш дәуірінің бесігі және әлемдегі ең ірі әрі белсенді ғарыш айлақтарының бірі. Ол 1955 жылы салынған. Дәл осы Байқоңырдан Жердің алғашқы жасанды серігі мен алғашқы басқарылатын ғарыш кемесі ұшырылған.
Бүгінде ғарыштық технологиялар өмірдің барлық саласына енді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығынан бастап медицина мен білім беруге дейін, көлік пен энергетикадан байланысқа дейін – барлық жерде ғарыш жетістіктері кеңінен қолданылуда. Қазіргі таңда 40-тан астам мемлекет ғарыш аппараттарын дербес жасап, ұшырады, ал ғарыш қызметінің нәтижелерін 130-дан астам ел пайдаланып отыр.