ҚР ПІБ Президенттік орталығында 12 наурызда «Тәуелсіздік ұрпағы: құндылықтар мен бағдарлар» циклы аясында кездесу өтті. Ел тәуелсіздігінің 35 жылдығына орайластырылған іс-шараға Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және Абай атындағы Қаз ҰПУ-нің студенттері қатысты.
Кездесудің басты спикері ретінде Espresso Day кофеханалар желісінің негізін қалаушы Асылжан Қази шақырылды. Оның табыс тарихы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның болашағы жастардың қолында, ал олардың энергиясы, білімі мен отансүйгіштігі – тұтас ел табысының басты кепілі деген сөзінің іс жүзіндегі айқын көрінісі іспетті.
Спикер жастармен кәсіби трансформация жолы туралы бөлісті. Еуразия ұлттық университетін халықаралық құқық мамандығы бойынша бітірген Асылжан Қази тоғыз жыл бойы заңгер болып жұмыс істеп, құқықтық және корпоративтік салада айтарлықтай тәжірибе жинақтаған. Дегенмен, 2020 жылы ол жеке ісін бастауға шешім қабылдап, кофе брендін құрды. Бүгінде ол жаңа идеялар мен жобаларды енгізе отырып, бизнесін сәтті дамытып келеді.
Әңгіме барысында табысты тұлғаға қажетті мінез-құлық қасиеттері мен іскерлік дағдылар, сондай-ақ жүйелі бизнес құрудың негізгі тәсілдері талқыланды. Кәсіпкер іс бастау барысында кездесетін кедергілерді жеңудің жолдары мен тәжірибесін ортаға салды. Спикер әр адамның жеке жауапкершілігі, қажырлы еңбегі және ел өміріне белсене араласуы қуатты Қазақстанның негізіне айналатынын атап өтті.