ҚР ПІБ Президенттік орталығында ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі – ресми өкілі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Олжас Беркінбаевтың қонақ дәрісі өтті.
Іс-шара «Саяси бұқаралық коммуникациялар» мамандығы бойынша білім алып жатқан Нархоз университетінің студенттеріне арналды. Бұл бастама ҚР Президенттік орталығы мен Нархоз университеті арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылып отыр. Аталған құжат қоғамдық-саяси ғылымдар саласында білікті мамандар даярлау сапасын арттыруға бағытталған.
Ауқымды мемлекеттік реформалар жағдайында коммуникация саласындағы болашақ мамандардың рөлі ерекше маңызға ие. Олар ақпараттық кеңістіктің тазалығын қамтамасыз етіп, азаматтардың «ақпараттық иммунитетін» қалыптастыруға және дезинформацияға қарсы іс-қимыл жасауға ықпал етуі тиіс. Бұл өз кезегінде қоғамның елдегі конституциялық құрылысты дамыту үдерісіне саналы түрде қатысуына мүмкіндік береді. Кездесу барысында цифрлық медианың қоғамдық санаға әсер ету тетіктері мен жасырын манипуляцияларды анықтау әдістері талқыланды.
Дәріс аясында Қазақстан Конституциясы жобасы бойынша республикалық референдумға дайындық кезеңіндегі ақпараттық сүйемелдеу мәселелеріне, процестің ашықтығын қамтамасыз етудегі тиімді коммуникацияның рөліне және конституциялық жаңашылдықтарды халыққа сапалы түсіндірудің маңыздылығына ерекше назар аударылды.