ҚР ПІБ Президенттік орталығына Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті еліміздің спорт тарихындағы елеулі жетістіктерді айшықтайтын бірегей экспонаттарды табыстау салтанатты рәсімі өтті. Іс-шара барысында Президенттік орталықтың музей қорына қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы жеңістерін дәлелдейтін арнайы марапаттар мен естелік бұйымдар ресми түрде тапсырылды.
Олардың қатарында спорттық жабдықтар, архивтік фотосуреттер, көрнекті атлеттерге арналған көркем туындылар, сондай-ақ басқа да құнды тарихи жәдігерлер мен артефактілер бар. Барлығы 100-ге жуық зат табысталды.
Аталған бастама отандық спорт шеберлерінің тарихи мұрасын сақтау, насихаттау және оны келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған. Салтанатты рәсімге ҰОК өкілдерімен қатар белгілі спортшылар да қатысты.
«Кездесуіміздің Қысқы Олимпиада ойындары күндері өтуі ерекше мәнге ие. Осы додада жерлесіміз Михаил Шайдоров ерлер арасындағы жекелей сырғанауда алтын медаль жеңіп алып, тарихи жеңіске қол жеткізді. Бұл айтулы жетістік жас спортшылар үшін шабыт беретін жарқын үлгі ғана емес, сонымен қатар спорт саласын жан-жақты қолдауға бағытталған мемлекетіміздің жүйелі саясатының, спортшыларымыздың, жаттықтырушыларымыздың, менеджерлеріміздің және Ұлттық Олимпиадалық комитеттің табанды еңбегінің нәтижесінде мүмкін болған отандық спорттың жоғары деңгейі мен зор әлеуетінің айқын дәлелі. Бүгін ҰОК Президенттік орталықтың музей қорына тапсырып отырған экспонаттар мен фотоархивтер – Отанымыздың спорттық даңқының жарқын айғағы. Бұл бірегей материалдар – жай ғана жәдігерлер емес. Бұл – отандық спорттың тірі тарихы, жарқын жеңістердің, тартысты бәсекенің, қайсар рух пен елге деген адалдықтың көрінісі. Ұлттық құрамамызға өтіп жатқан Қысқы Олимпиадада табысты өнер көрсетуді, ал барлық спортшыларымызға жаңа жеңістер, рекордтар мен биік жетістіктер тілейміз», – деп атап өтті Президенттік орталықтың директоры Бақытжан Темірболат.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті бас директоры Нұрлан Нөгербек: «Президенттік орталық музейіне қазақстандық олимпиадашылардың атрибутикасын ерекше мақтанышпен табыстап отырмыз. Бұл – халықаралық аренада Қазақстанның мерейін асқақтатқан спортшыларымыздың жеңістері мен рух күшін айшықтайтын мұра. Осы экспонаттарды табыстау арқылы ҰОК спорт тарихын сақтауға өз үлесін қосуда. Президенттік орталық қабырғасында бұл жәдігерлер ел азаматтары үшін мақтаныш көзіне айналатынына сенімдіміз. Алдағы уақытта да Орталықтың музей қорын толықтыруды жалғастырып, спорт шежіресін болашақ ұрпаққа жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді.
Айта кету керек, жаңа экспонаттар Президенттік орталық музейінің қорын толықтырып қана қоймай, тұрақты экспозициядан лайықты орын алады. Бұл келушілерге қазақстандық спортшылардың жеңісті жолымен және ұлттық спорт тарихының маңызды беттерімен тереңірек танысуға мүмкіндік береді.