2026 жылы 4-7 ақпан аралығында Катар Мемлекетінің астанасы Доха қаласында өткен Қазақстанның Мәдениет күндері аясында салтанатты гала-концерт пен қазақстандық өнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Аталған іс-шараларға сәндік-қолданбалы өнердің әртүрлі бағыттарын ұсынған Қазақстаннан келген 30-ға жуық шебер қатысты.
Іс-шара қонақтары Мәдениет күндерінің негізгі алаңы саналатын «Дарб Әл-Сағи» мәдени-тарихи орталығында орналастырылған экспозициямен де танысу мүмкіндігіне ие болды. Бағдарлама барысында қазақ халқының классикалық музыкалық мұраларынан туындылар орындалды. Көрмеде қазақстандық қолөнер шеберлерінің әр алуан техника мен стильде орындалған жұмыстары, сондай-ақ ұлттық нақыштарды заманауи модерн үлгісінде үйлестірген дизайнерлік туындылар ұсынылды.
Келушілердің ерекше қызығушылығын күміс пен алтыннан жасалған әшекей бұйымдар, суық қару-жарақ, ер-тоқымдар, ұлттық бас киім – сәукеле, сондай-ақ дәстүрлі қазақ ою-өрнектері мен заманауи дизайнерлік шешімдерді үйлестірген бірегей стильдегі паннолар қойылған зергерлік өнер шеберлерінің павильоны тудырды. Қазақстанның Мәдениет күндері аясында тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының жетекші сарапшысы Зият Сәтінбек қатысты. Катар Мемлекетінің Мәдениет министрі Шейх Абдулрахман бин Хамад бин Джасим Әл Тани мырзамен өткен кездесуде қазақ халқының тұрмысында айрықша орын алатын, билік пен құрметтің, ерліктің символы саналатын қамшы сыйға тартылды.
Көрме қонақтарының назарын көшпелі халықтың бай мәдени мұрасы, ұлттық спорт түрлері — садақ ату, саятшылық, сондай-ақ қазақтың тазы итін пайдалану арқылы аңшылық ерекше аударды. Мұндай мәдени алмасулар халықтар арасындағы байланысты нығайтып, өзара түсіністік пен төзімділікті қалыптастырып, тарихқа деген құрметті арттыра отырып, этносаралық қатынастарды бекемдейді. Қазақстанның Мәдениет күндері сынды халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар ұлттық дәстүрлерді кеңінен насихаттауға, мәдени ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Бұл өз кезегінде елдер арасындағы халықаралық аренадағы өзара ықпалдастықты одан әрі кеңейтудің берік негізіне айналады.