ҚР ПІБ Президенттік орталығында қазақстандық суретші Ольга Рехтинаның «Өзге әлемдер түсі» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Көрме барысында көрермендер автордың өткен мен бүгінді нәзік эстетикалық қабылдау объективі арқылы байланыстыра отырып, әртүрлі дәуірлердегі өмір туралы түсініктерді жүйелейтін бірегей көркем зерттеуін тамашалады.
Іс-шараға шығармашылық зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен жастар қатысты.
«Бүгін ұсынылған экспозиция – автор өткен мен бүгінді әсемдік призмасы арқылы тоғыстырып, әртүрлі дәуірлердегі өмір туралы түсініктерді біртұтас жүйеге келтірген терең көркемдік зерттеу болып табылады. Ольга Александровнаның шығармашылығы – дәстүрлі оқиғалар мен құбылыстар мистикалық мотивтермен үйлесім табатын таңғажайып әлем. Бірегей авторлық стиль, колористикамен шебер жұмыс және полотнолардағы терең философиялық мазмұн кәсіби қауымдастықты да, өнер сүйер қауымды да бейжай қалдырмайды деп сенемін», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.
Ольга Рехтинаның шығармашылығы классикалық дәстүрлер мен оның жеке мистикалық тәжірибесі тоғысқан әлем ретінде ұсынылды. Көрмеде бірнеше негізгі бағыт қамтылды:
- Қиял және табиғат – пейзаждар мен натюрморттар автордың ойлары мен эмоциялары әлемінде туындаған ертегі кейіпкерлерімен, сондай-ақ әртүрлі елдерге жасаған саяхаттарынан алған әсерлерімен толықтырылды;
- Қазақ халқының тұрмысы мен салт-дәстүрі – Қазақстанның мәдениетін бейнелейтін, ұлттық болмысты айқындайтын жұмыстар ұсынылды;
- Шеберлермен диалог – картиналардың бір бөлігі әлемдік классиктердің туындыларына негізделіп, суретшінің «мәңгілік пен әдемі» ұғымына қосқан жеке көзқарасын көрсетті;
- Идеалдандырылған өмір және пастораль – романтикалық пастораль жанрындағы еңбектер көрерменді шаруа өмірінің қарапайымдылығы мен үйлесімін дәріптей отырып, өткен дәуірге жетеледі.
Көрмеде автордың жалпы саны шамамен 70 туындысы ұсынылды.
Ольга Александровна Рехтина 1962 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол медициналық мамандықтан кәсіби дизайнер-суретші деңгейіне дейін өсіп, кескіндеме тарихы мен теориясын өз бетінше меңгере отырып, өзіндік авторлық қолтаңбасын қалыптастырды. Шығармашылық ізденіс жолында оған Пол Сезанн, Фрида Калло, Винсент ван Гог, Пол Гоген, Архип Куинджи және Василий Кандинский сынды өздігінен білім алған суретшілер үлгі болды. Оларды өнерге деген ішкі қажеттілік пен қажырлы еңбек біріктірді.
1998 жылдан бастап Ольга Александровна Қазақстанның көркемдік өміріне белсене қатысып келді. Оның шығармашылық қоржынында:
– Ақтау қаласында өткен жеке көрмелер («Ковчег» заманауи өнер галереясы, 2002 ж.; «Әлем» арт-галереясы, 2005 ж.; Тарихи-өлкетану музейі, 2007 ж.);
– «Палитра» жеке галереясын құру және басқару (2008–2009 жж.) болды.
О. Рехтинаның туындылары Ресей, Түркия, Германия және Черногория елдеріндегі жеке коллекцияларда сақталды.
«Өзге әлемдер түсі» көрмесі пейзаждағы шық тамшысынан, ата-бабалар даналығынан және ескі өмірдің тыныш нұрынан көрінетін, бізді қоршаған сұлулық туралы ойға жетелейтін көркем диалог ретінде ұсынылды.
Көрме 2026 жылғы 4 наурызға дейін жалғасады.