2025 жылғы 10 желтоқсанда сағат 15:00-де ҚР Президенті Іс басқармасы Президенттік орталығында белгілі қазақстандық зергер, суретші, реставратор, коллекционер Берік Әлібайдың «Желісі үзілмеген жалғастық» атты көрмесінің ашылу рәсімі өтеді. Іс-шара Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналады.
Көрменің мақсаты – ұлттық зергерлік өнерге деген қызығушылық пен құрметті арттыру, сондай-ақ оның қоғамдағы жоғары құндылығы мен маңызын көрсету. Негізгі бағыттарының бірі – зергер мамандығының беделін көтеру, мәдени дәстүрлерді сақтаудағы шеберлер еңбегінің маңызын айқындау.
Көрменің негізін Б. Әлібайдың қолынан шыққан әшекейлер, киім элементтері, тұрмыстық бұйымдар, көркем туындылар, сондай-ақ автор бірнеше онжылдық бойы жинаған зергерлік бұйымдардың бірегей үлгілері құрайды.
Экспозицияда 250-ден астам күмістен жасалған әшекей бұйымдар қойылған. Олардың әрқайсысы ою-өрнектің символикасы, мән-мағынасы, киелі және эстетикалық ерекшеліктері туралы сыр шертеді.
Әрбір экспонат халық тарихын бейнелейді және ұрпақтар сабақтастығының куәсі болып табылады. Экспозиция арқылы көрермен күмістің ерекше қуаты мен тазалығын, сондай-ақ оның ұлттық мәдениеттегі маңызды орнын сезіне алады. Автордың зергерлік бұйымдары мен көркем туындылары дәстүрлі қазақ нақыштары мен заманауи дизайнерлік шешімдердің үйлесімін тапқан өзіндік ерекше стилімен ерекшеленеді.
Суретшінің еңбектері Қытай, Жапония, Иран, Сауд Арабиясы, Катар, Түркия, Германия, Англия, Испания, Оман сұлтандығы, Иордания, ТМД елдері және басқа да мемлекеттердің мұражайлары мен жеке коллекцияларында сақтаулы.
Аккредитация міндетті!
БАҚ өкілдерінен 2025 жылғы 10 желтоқсан сағат 12:00-ге дейін өз деректерін төмендегі электрондық пошта мекенжайына жіберуді сұраймыз: muxammed8631@gmail.com
Байланыс нөмірі: 8 (7172) 69-30-57, +7 707 955 59 05 (Оңалбаева Сауле).
Мекенжай: Астана қ., Бөкейхан көшесі, 1А