ҚР ПІБ Президенттік орталығында «ЕҚЫҰ-ның экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне көзқарасы» тақырыбында қонақ дәрісі өтті. Дәріскер – Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің экономика және экология мәселелері жөніндегі аға кеңесшісі Нураддин Муршудлу.
Іс-шараға елордалық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен бітіруші курс студенттерінен құралған 40 адам қатысты.
Дәріс Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың бастамасымен әзірленген «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын (2024–2029 жж.) іске асыруға арналды.
Өз сөзінде Нураддин Муршудлу ЕҚЫҰ-ның экологиялық қауіпсіздік бойынша кешенді шараларды қалай жүзеге асыратыны туралы жан-жақты айтып өтті. Ол су ресурстарын басқару, «жасыл» экономикаға көшу, табиғи апаттар қаупін азайту және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелерінің өзара байланысын атап көрсетті.
Лектор экологиялық сын-қатерлердің мемлекеттердің қауіпсіздігі мен орнықты дамуына тікелей әсер ететінін және оларды шешу үшін ведомнаралық әрі өңірлік ынтымақтастықтың қажет екенін ерекше атап өтті.
Спикер Орхус орталықтарының қоғамға экологиялық ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етудегі рөлін, сондай-ақ Орталық Азияның жас экологиялық көшбасшыларын қолдауға бағытталған білім беру бағдарламаларының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, экологиялық заңнаманы жетілдіру, цифрлық мониторинг құралдарын кеңейту және азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру – ЕҚЫҰ алдағы уақытта да басымдық беретін негізгі бағыттар болып табылады.
Аталған Тұжырымдама азаматтардың экологиялық жауапкершілік деңгейін қалыптастыруға, экологиялық сауаттылықты арттыруға және табиғатты ұтымды пайдалану мәдениетін дамытуға бағытталған. Оның аясында білім беру іс-шараларына, жастар арасында экологиялық құндылықтарды насихаттауға, сондай-ақ студенттерді тұрақты даму мен қоршаған ортаны қорғау мәселелерін талқылауға тартуға айрықша мән беріледі.