25 қазанда біз Республика күнін атап өтеміз. Дәл осы күні, 1990 жылы, Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл тарихи құжат халқымыздың көптен күткен тәуелсіздікке жол ашып, азаттыққа апарар соқпақтың алғашқы кезеңін айқындады.
ХХ ғасырдың көрнекті ақындарының бірі айтқандай: «Бетпе-бет келіп жүзді көрмейсің, үлкендікті тек қашықтан бағамдайсың». Бүгінгі биіктен қарағанда, Декларацияның ел тарихындағы мәні мен маңызын терең түйсінеміз. Адамзат өркениетінің ұлы еркіндік манифесттері – 1776 жылғы АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясы мен 1789 жылғы Францияның Адам және азамат құқықтарының декларациясы сияқты, Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация да ұлттық мемлекеттіліктің құқықтық әрі саяси іргетасын қалап, заң үстемдігі, саяси көптүрлілік және ел бірлігі қағидаттарын бекітті.
Бар болғаны 17 тармақтан тұратын бұл құжат тәуелсіз мемлекеттің негізгі белгілерін нақты айқындады: өз аумағы, азаматтығы, мемлекеттік биліктің егемендігі мен тұтастығы, ұлттық бюджеті, халықаралық қатынастардағы тәуелсіздігі, мемлекеттік рәміздері және өзге де нышандары көрсетілді.
Сондықтан Республика күні – бұл тек мереке емес, еркіндіктің қадірін, ел тағдыры алдындағы парызымызды және тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін сақтау мен дамыту жолындағы ортақ мақсатымызды еске салатын ерекше күн.
Мерекелеріңізбен, құрметті отандастар!
Құрметпен,
Қазақстан Республикасының
Президенттік орталығының
директоры
Бақытжан ТЕМІРБОЛАТ