




ҚР Президенттік орталықта Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан «Тарас Шевченко және қазақ даласы» атты көрменің ашылуы өтті.
Көрменің мақсаты – бай мәдени мұраны көрсету, рухани және көркемдік құндылықтарды ашып көрсету, тарихи жадыны сақтау мен мәдени байланыстарды дамытуға ықпал ету.
Көрмеде музей қорынан алынған 150-ге жуық жәдігер ұсынылды.
Экспозиция екі бөлімнен тұрды:
- «Қазақ даласын қылқаламымен асқақтатқан...»
Бұл бөлімде Т.Г. Шевченконың қазақ жерінде болған кезеңінде жасаған еңбектері ұсынылды. Экспозицияға оның 58 картинасының репродукциясы енгізілді. Белгілі 350-ге жуық көркем туындыларының шамамен 200-і дала табиғаты мен тұрмысына арналған.
1847–1857 жылдары Т.Г. Шевченко Орынборда, Орскіде, Арал өңірінде және Маңғыстау түбегіндегі Новопетровск бекінісінде болды. Сол жылдары ол ірі экспедицияларға қатысып, дала өмірін еңбектерінде бейнеледі:
-
- Арал экспедициясы (1848–1849 жж.): «Даладағы өрт», «Жалғыз ағаш», «Райым бекінісі», «Қосаралдағы шхуналар»;
- Қаратау экспедициясы (1851 ж.): «Қанға-баба», «Долан шатқалындағы түркімен зираты», «Ақмыш шатқалы», «Шерқала», «Айлы түндегі таулы пейзаж».
- «Дәстүрлі кестелі рушниктердің сиқырлы әлемі»
Экспозицияның екінші бөлімі музей қорындағы ерекше кестеленген рушниктерді көпшілікке ұсынды. Мұнда 16 рушникпен қатар ұлттық киімдер, тұрмыстық бұйымдар мен кітаптар қойылды. Әрбір жәдігер халық өнерінің дәстүрін, сенімін және шеберлігін бейнелейтін құнды мәдени мұра болып табылады.