




Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Президенттік орталығы алаңында «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұйымдастырған GCIP-Kazakhstan Ұлттық академиясы өз жұмысын бастады.
Академия — таза технологиялар саласындағы флагмандық акселерациялық бағдарламаның үшінші циклінің басты білім беру іс-шарасы әрі 2025 жылғы конкурстық іріктеу нәтижесі бойынша таңдап алынған стартаптар үшін келесі маңызды кезең болмақ. Қатысушылар энергия үнемдеу, жаңартылатын энергия көздері, қалдықтарды басқару, су ресурстарын ұтымды пайдалану, экологиялық таза көлік және озық материалдар сияқты басым бағыттар бойынша жобаларды ұсынады.
Академияның мақсаты – стартаптарды GCIP-Kazakhstan акселерациялық бағдарламасына табысты қатысуға дайындау. Бұл — бизнес-жоспарлау, орнықты даму, нарықтық стратегия және инвестициялық тартымдылық салаларында негізгі құзыреттерді дамытуға бағытталған, экологиялық таза технологияларды енгізуге ерекше мән берілетін процесс.
«Экологиялық күн тәртібі бүгінде стратегиялық мәнге ие болып отыр. Ол тек ғылыми және кәсіби пікірталастардың ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік саясат пен қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бір жыл бұрын қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға, ресурстарды жұмылдыруға және экология мәселелеріне деген қоғамдық көзқарасты өзгертуге бағытталған кең ауқымды «Таза Қазақстан» науқаны іске қосылды. Бүгін біз GCIP-Kazakhstan акселерациялық бағдарламасының жобалар жеңімпаздарын қарсы алып отырмыз. Бұл тек бизнес-бастамалар ғана емес, шынайы өзгерістерге жол ашатын катализаторлар. Қатысушыларымыз ұсынған идеялар мен технологиялар табиғатты сақтау мен орнықтылық күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналатын әлем құруға көмектеседі», – деп атап өтті ҚР ПІБ Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.
Академия аясында халықаралық және қазақстандық сарапшылардың қатысуымен қарқынды оқыту модулі қарастырылған. Бизнес-модельдер құру, халықаралық нарықтарға шығу, инвесторлармен өзара әрекеттесу және серіктестер тарту бойынша практикалық сабақтарға ерекше назар аударылады.
Оқыту бағдарламасын тұрақты технологиялар саласында жұмыс істейтін беделді жаһандық акселераторлар, менторлар мен инвесторлар желісі болып табылатын Network for Global Innovation (NGIN, АҚШ) сарапшылары өткізеді.
GCIP-Kazakhstan бағдарламасын Орталық БҰҰ-ның Өнеркәсіптік даму ұйымы (UNIDO) және Ғаламдық экологиялық қордың (GEF) қолдауымен жүзеге асырады. Бұл бағдарлама — таза технологиялар саласындағы инновацияларды ілгерілету және шағын мен орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жаһандық бастаманың бір бөлігі. Қазақстан — бұл жобаға қатысып отырған Орталық Азиядағы жалғыз ел. Жоба 15 мемлекетті қамтиды, олардың қатарында Түркия, Оңтүстік Африка Республикасы, Индонезия және Нигерия бар.
Бағдарлама іске қосылған сәттен бастап GCIP-Kazakhstan тұрақты нәтижелер көрсетуде: 2023–2024 жылдары 200-ден астам өтінім қабылданса, биыл 350 өтінім қаралып, акселерация бағдарламасына 50 стартап-жоба іріктеліп алынды.
GCIP-Kazakhstan Ұлттық академиясы — Қазақстандағы экологиялық бағдарланған кәсіпкерлердің жаңа буынын қолдау және орнықты инновациялар экожүйесін құру жолындағы маңызды қадам.