










12 маусымда ҚР Президенттік орталығы директорының орынбасары, ҚР Президенті Іс басқармасы жүйесінің Бас тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Серік Сыдықовтың бастамасымен «Бүгінгі күннің әкелері» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараға «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай, AMANAT партиясының Астана қаласы «Бірлік» аумақтық филиалының атқарушы хатшысы Есенбек Серкебаев, сондай-ақ ҚР ПІБ қарасты ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
Елімізде 2023 жылғы 1 маусымдағы Үкімет қаулысына сәйкес, маусым айының үшінші жексенбісінде Әкелер күні аталып өтеді. Бұл мереке сол жылы Орталық Азия елдерінің қатысуымен өткен VIII республикалық форумда ресми түрде бекітілген болатын. Әлемнің көптеген елдерінде осындай күндердің белгіленуі – отбасы институтын нығайту, әкелерді қолдау және отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында жүзеге асырылып келеді.
Кездесуді ашқан С.Сыдықов тақырыптың өзектілігіне ерекше назар аударды:
«Бүгінгі басқосуымыз – 15 маусымда атап өтілетін Әкелер күні қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Бұл күннің қарсаңында дәл осы маңызды мәселені талқылауымыздың мәні зор. Оған қоса, осы басқосудың көшбасшылық, қоғамға қызмет ету мен қоғамдық даму идеялары талқыланатын Президенттік орталықта өтуі де бекер емес. Әке деген – ұлы есім. Ол ең алдымен отбасынан басталып, тұтас қоғамға ықпал ететін терең құндылық. Бүгінгі заманның әкесі – тек сүйенер тіреу, бағыт-бағдар беруші ғана емес. Қазір әке бейнесі біртіндеп өзгеріп келеді. Бүгінгі күннің әкелері баласына жақын, сезімтал, ашық бола бастаған. Десе де, әке – отбасының тірегі, асқар тауы болып қала береді. Осы кездесудің ерекшелігі – еркін пікір алмасу, сұрақ қойып, ой бөлісу. Әрқайсымыз осы жерден жақсы ой түйіп шығамыз деген сенім мол».
Кездесу барысында Серік Сламжанұлы отбасы құндылықтары, әке рөлі мен ата-ана махаббаты арқылы баланың есейіп, тұлғалық қалыптасуы туралы ой қозғайтын кітаптары жайында да әңгімеледі. Ол ерекше ықыласпен Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау», Бақытжан Момышұлының «Восхождение к отцу» және Әкім Ысқақтың «Әкеммен сырласу», атты туындыларын атап өтті.
Б.Күзембай қазіргі қоғамдағы әкелер рөліне қатысты өз ойын айтып, медиа мен мәдениет кеңістігінде әкенің жақсы бейнесін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды:
«Бала тәрбиесіне белсене араласып, үлгі көрсетіп, жан-жүрегімен атсалысып жүрген әкелерді қолдау – аса маңызды. Мұндай әкелер туралы айтып, көрсетіп, тәрбиелік мақсатта насихаттау қажет. Бұл өзгелерге, әсіресе жас әкелерге ой салып, олардың әкелік міндетін дұрыс атқаруына шабыттандырады».
Сондай-ақ ол «Әкелер одағы» РҚБ атқарып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, ұйым мектептермен тығыз байланыста жұмыс істейді, түрлі кездесулер, байқаулар мен ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырады. Бұл бастамалардың басты мақсаты – әкелерді отбасылық өмірге де, қоғамдық ортаға да белсенді араластыру, олардың тәрбиелік рөлін күшейту.
Е. Серкебаев мемлекет тарапынан отбасы институтына көрсетіліп отырған қолдауға және әкелік рөлдің елдің тұрақты дамуы жолындағы стратегиялық маңызын тілге тиек етті:
«Отбасы – мызғымас мемлекеттің іргетасы. Сондықтан әке болу – бұл тек жеке жауапкершілік қана емес, қоғамның тұрақтылығы мен азаматтық белсенділікке тәрбиелеудің негізгі тетігі. Адам бойындағы еңбекқорлық, адалдық, өзгені құрметтеу сынды қасиеттердің бәрі ең алдымен отбасында қалыптасады. Осы ретте әкенің орны ерекше».
Ол сондай-ақ AMANAT партиясы отбасын нығайтуға, балаларды қорғауға және ер адамдарды тәрбие процесіне тартуға бағытталған бастамаларды, оның ішінде заңнамалық, білім беру және әлеуметтік құралдар арқылы қолдау көрсететінін атап өтті.
Қатысушылар мазмұнды әңгіме мен шынайы сұхбат алаңы үшін алғыс айтып, көтерілген мәселелердің өзектілігін атап өтіп, қоғамдық және тұлғалық тұрғыдан аса маңызды тақырып ретінде әкелер жайын ашық талқылайтын осындай кездесулердің жалғасын табуына тілектестіктерін білдірді.