

Құрметті қазақстандықтар!
Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл бұл ерекше мереке Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл ұйым еліміздегі түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін ортақ қазақстандық құндылықтар аясында біріктіріп, қоғамда өзара құрмет, азаматтық жауапкершілік пен шынайы бірлік орнатуға елеулі үлес қосты.
Иә, мұндай сөздер тебірене және ресми естілуі мүмкін. Бірақ бұл сөздердің артында біздің күнделікті өміріміз бейнеленеді: біз Құрбан айт пен Рождество мерекелерін бірге атап өтеміз, дастарханымызда бауырсақ пен пасха куличі қатар тұрады, қазақ, орыс, татар әндерін шын көңілмен бірге жырлаймыз, ал алыс Германияда біраз жыл бұрын Қазақстаннан қоныс аударған отандастарымыз еліміздің туын көтеріп, қазақы дастархан басында жиналуда.
Осындай қарапайым «ұсақ-түйектер» біздің достығымыздың жай ғана ұраны емес, қазақстандық рухымыздың ажырамас және қастерлі бөлігі екенін терең сезінуге мүмкіндік береді.
Бірлік пен келісім – тәуелсіздігімізбен қатар ең қымбат байлығымыз. Әрқайсымыз мұны әрдайым есте сақтап, көздің қарашығындай қорғауымыз керек.
Мерекелеріңізбен, қымбатты отандастар!
Құрметпен,
Қазақстан Республикасы
Президенттік орталығының
директоры
Бақытжан ТЕМІРБОЛАТ