Басты бет
›
Бастауыш сынып оқушыларына арналған қызықты музей сабағы
Бастауыш сынып оқушыларына арналған қызықты музей сабағы
Мәдени-ағарту жұмысы аясында Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының қызметкерлері Астана қаласындағы Шейх Халифа бен Заид Әл-Нахаян атындағы №84 мектеп-лицейінің екінші сынып оқушыларына көшпелі музей сабағын өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – балаларды төл теңгенің тарихымен тереңірек таныстыру.
Сабақ барысында мектеп оқушылары ақшаның алуан түрлілігімен, оның ішінде тұрақты айналымдағы монеталармен, сондай-ақ шектеулі таралыммен шығарылған мерейтойлық және естелік монеталармен танысты. Коллекционерлер бағалап, естелік сыйлық ретінде пайдаланатын қымбат металдардан жасалған монеталардың бірегейлігіне ерекше назар аударылды.
Балалар 1, 2, 5, 10, 20, 50, 100 және 200 теңгелік монеталардың номиналы сериясымен ойын түріндегі әдіс арқылы танысып, теңгенің сырт жағында мемлекеттік елтаңбаның суреті, ал бетінде номиналы мен шығарылған жылы көрсетілген дизайн элементтері туралы білді.
«Сиқырлы сандық» ойыны сабақтың сәнін ашты. Оқушылар дыбысы мен сыртқы түрі бойынша сандықтың ішінде қандай монеталар барын анықтады, олардың мөлшері мен номиналын салыстырды, олар жасалған материалдарды талқылады.
Сабақ соңында балалар өзара ой бөлісіп, ақшаның қандай түрлері бар екенін, Қазақстанның ұлттық валютасы қалай аталатынын және Теңге күні қашан аталып өтілетінін еске түсірді. Қызықты өткен сабақ балалар бойында жақсы әсер қалдырды.