
Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы – бұл еліміздегі ең ірі әлеуметтік-мәдени, ғылыми-білім беру және ақпараттық-ағарту кешені ғана емес, сонымен қатар түрлі әлеуметтік-мәдени іс-шаралар өтетін танымал алаң әрі арт-кеңістіктің бір түрі. Президенттік орталықта өткізілетін іс-шаралардың ауқымы кең және алуан түрлі. Олардың қатарына форумдар, конференциялар, көрмелер, дәрістер, семинарлар, тренингтер, музей сабақтары, дебат турнирлері және тағы да басқалар кіреді. Президенттік орталықта түрлі іс-шараларды ұйымдастыруда және өткізуде баспа өнімдерін дайындау мен полиграфиялық безендіру маңызды рөл атқарады. Әрине, оның әзірлеу және басып шығару полиграфия саласымен тығыз байланысты.
Күнделкті өмірімізде біз полиграфиялық өнімдердің түрлерімен таныс болып жатамыз. Алайда кейде оған тіпті назар аудармаймыз да. Баспа өнімдері – бұл ақпарат берудің ең ежелгі тәсілдерінің бірі. Бүгінгі заманауи жағдайлар ақпаратты берудің жаңа ережелерін ұсынып отыр, сондықтан әртүрлі іс-шараларды өткізудің маңызды аспектілерінің бірі баспа өнімдерін көркемдеу және басып шығару болып табылады. Полиграфиялық дизайн тұжырымдамасы қағаз тасығыштардан табуға болатын баспа өнімдерінің барлық санатын қамтиды.
Полиграфиялық дизайн бүгінгі таңда – бұл ұйымның акциялары мен іс-шаралары туралы жұртшылыққа хабарлауға мүмкіндік беретін тиімді әдістердің бірі. Полиграфиялық өнімдер имидждік сипатқа ие, бұл ақпарат тасымалдаушылардың бір түрі. Олардың міндеті – Қазақстан Республикасының Президенттік орталығына келушілердің назарын аудару ғана емес, сонымен қатар өткізілетін іс-шаралар туралы толық ақпарат беру. Баспа өнімдерін көркемдеу мен полиграфиялық рәсімдеу баспа процесінің басты міндеті болып табылады.
Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының құрылымында баспа өнімдерін шығаруды, іс-шараларды көркемдеу және полиграфиялық рәсімдеуді Баспа және редакциялау қызметі қамтамасыз етеді.
Дұрыс рәсімделген және сапалы жасалған бағдарламалар, дипломдар, сертификаттар, баннерлер, шақырулар, афишалар, аннотациялар, алғыс хаттар және баспа өнімдерінің басқа да түрлері Қазақстан Республикасы Президенттік орталығын насихаттауға ерекше мүмкіндіктер туғызады. Бұған қоса, дұрыс таңдалған дизайн мен ақпаратты орналастыру арқылы келушілерге қажетті ақпаратты қысқа әрі нұсқа түсіндіруге болады.
Іс-шараларды көркемдеу мен полиграфиялық рәсімдеу – бұл өнердің бірегей және ерекше түрі. Мәтінді теру және қалыптау, оны орналастыру және түстерді безендіру – дизайнерлік жұмыстың негізгі кезеңі. Имидждік баспа өнімдерінің белгілі бір түрінің әрбірінің жаңа макетін әзірлеу үшін жеке тәсіл қажет, себебі бұл күрделі және көп сатылы жоба.
Алдымен баспа өнімдерінің белгілі бір түрінің жалпы тұжырымдамасы жан-жақты ойластырылып, сонан соң әзірленеді, макет жасалады, баспа өнімінің алғашқы сыртқы бейнесі мен орналасуы қалыптасады. Келесі кезең – түс үйлесімділігін таңдау. Түстер мен олардың реңктерінің стандартты үйлесімдерін де, түстердің күрделі үйлесімдерін де қолдануға болады (мысалы, «дизайнерлердің құпия құралы» – Иттеннің түс шеңбері). Полиграфиялық өнімнің түстер палитрасын таңдау баспа өнімдерінің әртүрлі түрлерінде (бағдарлама, буклет, брошюра, плакат және т.б.) өткізілетін іс-шараның негізгі тұжырымдамасы мен атмосферасын толық көлемде жеткізетіндей етіп жүзеге асырылады.
Дизайнның маңызды және күрделі кезеңдерінің бірі – барлық эскиздер мен бланкілерді электронды түрге көшіру, онда өнімдердің пішіні беріліп, көрінісі айқындалады. Суретші-дизайнер әр бөлшекті қолмен сызады және қаріпті таңдайды, көркем нысандарды орналастырып, түстерді үйлестіреді. Осыдан кейін ғана мұндай макет басып шығару үшін баспаханаға жіберіледі.
Полиграфиялық дизайн – бұл әртүрлі әрекеттердің (пішіндер мен конструкцияларды таңдау, коллаждар жасау, фотосуреттер мен сканерлеу, графиктер, схемалар жасау, бірнеше макеттерді дайындау, қалыптау, барлық ақпаратты үйлестіру, оны редакциялау және корректорлық түзету) бірнеше түрін біріктіретін күрделі және көп уақытты қажет ететін процесс.
Баспа және редакциялау қызметі Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының құрылымындағы маңызды бөлімшелердің бірі болып табылады, себебі баспа процесінің қазіргі заманғы трендтерін ескере отырып, баспа өнімдерін жобалауға, полиграфиялық рәсімдеуге креативті тәсіл негізінде іс-шараларды ақпараттық-имидждік қамтамасыз ету саласындағы басты міндеттерді атқарады.
Нұрасыл ТОҒЫЗБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы
Баспа және редакциялау қызметінің басшысы