
Осыдан 34 жыл бұрын, дәл осы күні халқымыз үшін маңызды құжат – Қазақстан Республикасының негізін қалаған Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Ол кезде Қазақстан одақтас республикалардың бірі ретінде КСРО-ның құрамында болғанына қарамастан, егемендіктің барлық белгілері Декларацияда нақты бекітілген: өз аумағы мен азаматтығы, тәуелсіздігі мен мемлекеттік биліктің толықтығы, мемлекеттік бюджет, халықаралық қатынастардағы тәуелсіздік, мемлекеттік рәміздер және т.б. Кейіннен оның нормаларының барлығы дерлік 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік туралы конституциялық заңда және еліміздің Конституциясында көрініс тапты.
Бұл тарихи құжат бойынша жұмыс 5-6 ай жүргізілді. Бастапқыда құжаттың төрт нұсқасы әзірленді. Егемендік туралы Декларацияның соңғы нұсқасы 1990 жылы 25 қазанда ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылымының сессиясында ұсынылды. Депутаттар әрбір бапты мұқият зерделеді. Ал құжаттың өзі небәрі 17 тармақтан тұрса да, оны талқылау 6 сағаттан астам уақытқа созылды. Нәтижесінде 360 депутаттың 261-і құжатты қолдаса, 18-і қарсы, 2-і қалыс қалды. Бұл тәуелсіздігіміздің бастауы еді!
Құрметті отандастар!
Осы салтанатты күні сіздерге және сіздердің жақындарыңызға зор денсаулық, бақыт, бейбітшілік пен келісім тілеймін! Туған жерге деген сүйіспеншілік бізді әрқашан Отанымыздың гүлденуі жолында жаңа жетістіктерге жетелей берсін!
Құрметпен,
Қазақстан Республикасы
Президенттік орталығының
директоры
Бақытжан ТЕМІРБОЛАТ