
Еліміздің тәуелсіздігі мен жеткен жетістіктерін бейнелейтін мемлекеттік мерекелерінің бірі – Астана күні құтты болсын!
Елордалық мәртебесін алған сәттен бастап Астананың облыс орталығынан халықаралық деңгейдегі заманауи мегаполиске дейін өткен жолы орасан зор.
Осы жылдар ішінде елордамыз әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, ЕҚЫҰ саммиті, Азиада, «ЭКСПО» дүниежүзілік көрмесі және басқа да ауқымды халықаралық және республикалық форумдарды абыроймен қабылдады.
Жақында ғана Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті сәтті аяқталды, оған әлемнің 15 елінің мемлекет және үкімет басшылары келді: Қытай, Ресей, Үндістан, Иран, Пәкістан, Түркия, Моңғолия, БАӘ, Катар, Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан. Саммитке БҰҰ Бас хатшысы АнтониуГутерриш те қатысты.
Дегенмен, бұл істің бір қыры ғана. Өзгесі – Астананың бір жарым миллионнан астам отандастарымыз үшін нағыз үйі болуында. Бүгінде олардың жайлылығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында біршама еңбек атқарылып жатыр.Елорданың 2035 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді, ірі әлеуметтік нысандар мен жаңа тұрғын үйлер салынуда, жол инфрақұрылымы мен қоғамдық көлік жүйесі жақсартылуда, қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда, газдандыру ісі белсенді жүруде, нөсерлі кәріз жүйесі жаңғыртылуда, Есіл өзені арқылы жаңа көпір ашылды, ЖЭО-3 бірінші кезегі аяқталды, Астана су қоймасынан жаңа су құбыры іске қосылды және т.б.
Алайда, елордамыздың өркендеуі тек ресми құрылымдар мен лауазымды тұлғаларға ғана емес, әрбір тұрғынға, сіздермен біздің жауапты әрі ұқыпты қарым-қатынасымызға байланысты. Сондықтан баршамыз сүйікті бас қаламыздың дамуына өз үлесімізді қосуға тырысуымыз қажет.
Астанамыз және онымен бірге бүкіл ел өсіп, өркендей берсін!
Құрметпен,
Қазақстан Республикасы
Президенттік орталығының
директоры
Бақытжан ТЕМІРБОЛАТ