


№8 «Думан» бөбекжайында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Президенттік орталығының «Атамекен» ғылыми-білім беру жобасы аясында көшпелі музей сабағы өткізілді.
Жобаның мақсаты – өз елінің тарихына, мәдениетіне, дәстүрлеріне, тарихи ескерткіштері мен Қазақстан астанасына құрметпен қарауға тәрбиелеу, патриоттық сезімді қалыптастыру, сондай-ақ мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалардың коммуникативтік, зерттеу дағдыларын, дербес ойлауы мен шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Танымдық сабақ барысында мектеп жасына дейінгі балалар музей жәдігерлерімен танысу арқылы әліпбидің әріптері туралы білімдерін бекітті. Сабақ барысында болашақ мектеп оқушыларының көрнекі-бейнелі ойлауын дамыту және сөздік қорын байыту үшін ҚР Президенттік орталық музейінің қорынан мультимедиялық презентация мен экспонаттар пайдаланылды.
Ал жұмбақтарды шешу мен ойын тапсырмаларын орындау талдау, қорыту және өз бетінше қорытынды жасауға әрі заттың түр-сипатын анықтауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ балалар жаңа сөздер мен ұғымдарды біліп, музей әлемімен танысып, оған баруға қызығушылық танытты.