








Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Президенттік орталығында Ақсу қаласындағы Балалар өнер мектебінің оқушыларының «Өзгерістер толқыны» атты көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Көрме Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Туған өлкем» балалар шығармашылығын қолдау бойынша республикалық бағдарламасы шеңберінде Астана қаласы балалар көркемсурет мектебі–ЮНЕСКО клубымен бірге ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова өзінің кіріспе сөзінде атап өткендей, көрермендерге ұсынылып отырған суреттер өте жарқын, қолданылған бояулар палитрасы өмірге деген қызығушылықты ғана емес, бүгінгі таңда бәрімізге жетіспейтін жарқын жағымды эмоциялар мен балалық қуанышын тудырады.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ажар Сағандықованың айтуынша, балалар өнер мектептері тек өз өңіріндегі көрмелермен шектеліп қалмай, оқушыларының жетістіктерімен осындай республикалық бағдарламаларға қатыса отырып, көпшілікпен бөлісуі қажет.
Өз кезегінде Балалар көркемсурет мектебі–ЮНЕСКО клубының директоры Гүлзия Исенова балаларға өздерінің шығармашылық әлеуетін ашуға көмектесетін педагогтардың еңбегін ерекше атап өтті, өйткені сурет салу арқылы жас дарындар әлемге деген көзқарастарын жеткізіп қана қоймай, шынайы махаббат пен жасампаз болу ұғымдарын түсінеді.
Ақсу қаласының білім беру бөлімі басшысының орынбасары Алмагүл Ахметова іс-шара ұйымдастырушыларына ұсынылған алаң үшін алғысын білдіріп, бұл көрме туындылар авторларына олардың әрі қарай дамуы мен өзін-өзі жетілдіруіне көмектесетініне сенім білдірді.
Елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына биылғы оқу жылында өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өткен Ақсу қаласының Балалар өнер мектебінің талантты оқушыларының 45-ке жуық жұмыстары ұсынылды. Өз туындыларында жасөспірім суретшілер қоршаған әлемге деген көзқарастарын, сезімдері мен тәжірибелерін, туған өлкенің тарихына, дәстүрлеріне деген сүйіспеншілігін көрсетуге тырысты. Оқиға желісі мен композиция тәжірибелі мұғалімдермен бірге мұқият пысықталды.
Сонымен қатар, көрменің ашылу күні Балалар өнер мектебінің қосымша білім беру педагогы балаларға арналған «Акварельмен бейнеленген пейзаж: Шағылыс (бейне)» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді.
Көрме 2024 жылдың 21 маусымына дейін жалғасады.
Ақпарат үшін: Ақсу қаласының Балалар өнер мектебінде оқушыларды өнердің үш негізгі бағыты бойынша оқытады: музыкалық, көркемдік, хореографиялық. Бүгінгі таңда 550-ге жуық бала музыка, би, кескіндеме, ән айту арқылы өздерінің шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік алады. Қорытынды емтихандарды тапсырғаннан кейін олар өнер мектебін бітіргені туралы куәлік алады, бұл біздің еліміздің мамандырылған орта арнаулы және жоғары оқу орындарына түсу құқығын береді.
Балалармен жоғары кәсіби деңгейдегі 36 оқытушы жұмыс істейді, оның 13-і осы мектептің түлектері. Педагогикалық ұжым тәрбиеленушілерімен бірге мәдени-ағартушылық және көрме қызметіне белсенді қатысады, сондай-ақ түрлі деңгейдегі конкурстар мен фестивальдерге қатысады.
2010 жылы өнер мектебі ЮНЕСКО клубы мәртебесіне ие болды. Қала мен Ақсу өңірінің 9 оқу орнында өнер мектебінің филиалдары ашылды. Педагогикалық ұжымның оқу-тәрбие қызметі дарынды балаларды мамандық алды даярлауға, сондай-ақ олардың шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетуіне және тұлғалық дамуына қолдау көрсетуге бағытталған. Мектептің басты міндеттерінің бірі – баланың шығармашылық қиялын ояту, оның қабілеттері мен дарындарының қолданысын тауып, өмірге бағыт-бағдар алуына ықпал ету.
Өнер мектебін 2000-нан астам оқушы бітірді. Олардың көпшілігі өнер саласындағы кәсіби жолын жалғастырды.