





Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Президенттік орталығы Халықаралық музей күнін мерекелеуге арналған «Музейге саяхат...» ашық есік күнін ұйымдастырды.
Халықаралық музей күні 1977 жылдан бері бүкіл әлемде 18 мамырда атап өтіледі. Бұл күні музейлер барлық жанға есігін айқара ашып, өздерінің көрме залдарын, жаңа жәдігерлерін қуана көрсетіп, тақырыптық дәрістер мен экскурсияларын көпшілік назарына ұсынады.
Іс-шараның қонақтары Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің ұландары болды. Жасөспірімдерге еліміздің мәдени және саяси мұрасымен, отандық тарихтың қаһармандық беттерімен таныстыруға, патриоттық сезімдері мен рухани құндылықтарын нығайтатуға, сондай-ақ студенттердің зерттеу қызметіне деген қызығушылығын оятуға бағытталған арнайы бағдарлама әзірленді.
Болашақ әскерилер музей сабақтары мен тақырыптық экскурсияларға қатысты. Сабақ барысында экспозициялар белгілі бір тақырыптың бағдарына айналады. Тыңдаушыларды одан сайын еліте түсу үшін музей қорынан қызықты экспонаттар шығарылады, бұл балалардың тарихқа үңілуіне, білімдерін бекітуге мүмкіндік береді. Музей жәдігері мұнда тек иллюстрация ретінде ғана емес, сондай-ақ зерттеу көзі ретінде де қолданылады.
Музейдің интерактивті залында өткен «Қазақтың музыка өнері» сабағында ұландар қобыз, домбыра, жетігеннің тарихымен танысып, қазақтың ұлттық аспаптарының ерекшеліктері туралы көптеген қызықты деректер білді. Қазақтың атақты композиторлары мен өнер майталмандарының өмірі мен шығармашылық мұрасы туралы мол мағлұмат алды.
«Қазақстан әлемдік қауымдастықта» музей залында «Батырлар институты: дәстүрлер, мәртебе және қару-жарақ» сабағы өтіп, онда тыңдаушылар қару сыйлау дәстүрі, оның тарихы мен ерекшеліктері туралы біліп, экспозицияда ұсынылған қару-жарақ топтамаларымен танысты. «Бес қару» ұғымын ашқан дәріскер қазақ батырының бес қаруы және жалпы батырлық институты туралы тарқатып айтты.
Іс-шара соңында қонақтарға Отан қорғаушылар күніне, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне және Р.Қошқарбаев пен С.Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған «Атыс қаруы: тапанша тарихы» қор көрмесі бойынша экскурсия өткізілді.
Көрменің «Ұлы Отан соғысының батырлары», «Президенттік орталығының қорынан тапаншалар топтамасы» және «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері» бөлімдерінде Президенттік орталықтың музей қорынан тарихи және заманауи қарудың бірегей үлгілері ұсынылған.
Жас келушілер көргеннен үлкен әсер алды.
«Музей өте жағымды әсер қалдырды. Мұнда көптеген түрлі экспонаттар бар екен, бірақ маған ең қатты ұнағаны пышақ қаруын өз қолыммен ұстап көруі. Сол кезде батыр жауынгерлерімізге тән күш пен мызғымас рухты бірден сезінесіз. Оған қоса, Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі болған Сағадат Қожахметұлының қызметіне қатысты мұрағаттық құжаттарды көру біз үшін үлкен мәртебе, себебі біздің оқу орнымыз бұл атақты тұлғаның есімімен аталады», - деп С. Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің 3-ші взводы 3-ші ротасының ұланы Даниял Қуанышев өз пікірімен бөлісті.
Ұлттық тарихи құндылықтарымыздың қадірін түсінетін мәдени, заманауи ұрпақ тәрбиелеу біздің борышымыз. Жақында біз Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтеміз, содан кейін жазғы демалыс кезі келеді. Бұл уақытыңызды тиімді өткізіп, көптеген жаңа нәрселерді білуге тамаша мүмкіндік, ал келушілер үшін есігі ашық Президенттік орталығының музейі сізге бұл істе көмектесуге әрдайым дайын.