
2023 жыл қай жағынан алсақ та оқиғаға бай болды.
Саяси жүйені демократияландыру аясында елеулі қадамдар жасалды, биліктің барлық тармақтары қайта құрылды, тежеу мен тепе-теңдік жүйесі күшейтіліп, әкімшілік реформа іске асырыла бастады. Жаңартылған сайлау жүйесі негізінде Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының, сондай-ақ аудан мен ауыл әкімдерінің сайлануы өтті. Өңірлердің дербестігі айтарлықтай өсті. Халықтың әл-ауқатын жақсарту мен өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жаңа Әлеуметтік кодекс қабылданып, «Жайлы мектеп», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», «Ауыл аманаты» жобалары, «Ұлттық қор – балаларға» президенттік бағдарламасы кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Әділ экономикалық жүйені құру шеңберінде заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр. «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң қабылданып, жаңа Салық кодексінің жобасы әзірленуде, реформа аясында тарифтік реттеу ережелері қайта қаралды.
Еліміз халықаралық аренада көпвекторлық қағидатты ұстана отырып, Әділетті Қазақстан стратегиясына сәйкес дәйекті, әрі салмақты саясат жүргізуде.
Осы оң бастамалардың барлығы алдағы 2024 жылы одан әрі қарқынды дамитынына сенімдімін.
Қымбатты достар!
Жаңа жыл – барша жұрт асыға күтетін, әлемдегі қуанышқа толы ең ғажайып мерекелердің бірі. Жаңа Жыл – жаңа үміттер мен жаңа жоспарлар. Ендеше барша қазақстандықтарға биік жетістіктер мен кәсіби табыстар тілеймін. Босағадан еніп келе жатқан 2024 жыл сәтті және берекелі болсын!
Ізгі тілекпен,
Қазақстан Республикасы
Президенттік орталығының
директоры
БАҚЫТЖАН ТЕМІРБОЛАТ