Басты бетҒылыми кеңестің кезекті отырысы

Ғылыми кеңестің кезекті отырысы

Ғылыми кеңестің кезекті отырысы

Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының Ғылыми кеңесінің отырысы өтті. Кеңес мүшелерінің қарауына ғылыми-зерттеу, экспозициялық-көрме және ғылыми-қор жобаларын жүзеге асыру аясында дайындалған басылымдар ұсынылды.

Ғылыми кеңес мүшелеріне «Ақ тілекпен, Астана» музей топтамалардың каталогын ұсынған Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің басшысы Ғайни Серікбаева Астананың 25 жылдығына арналған басылымды дайындау 2023 жылдың өзекті оқиғалар тізбегін ғана емес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының ғылыми-қор қызметінің негізгі бағыттарының бірін көрсететінін атап өтті. Каталогта Президенттік орталықтың музей қорындағы «Елорда тарихы» экспонаттарының тақырыптық тобы бойынша ғылыми-анықтамалық ақпаратты жүйелеу нәтижесі ұсынылған. Каталогқа қор жинағының бірегейлігін айқын көрсететін музейдің әртүрлі топтамаларынан 80-нен астам экспонаттар енгізілген.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының 30 жылдығына арналған «Теңге – тәуелсіздіктің нышаны» музейлік топтамалардың каталогы ұсынылды. Бұл католог ежелгі Қазақстан аумағындағы алғашқы монеталардың пайда болу тарихын, Ресей империясы мен КСРО банкноттарының түрлерін, сондай-ақ Орталықтың қор жинағынан алынған заманауи қазақстандық коллекциялық, мерейтойлық, естелік банкноттар мен монеталарды көрсетеді. Жинаққа бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған нумизматика топтамаларынан 211 экспонат енгізілді.

Ғылыми кеңестің отырысында сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы қызметкерлерінің ғылыми еңбектер жинағы және Қазақстан Республикасының Президенттік орталығының 2023 жылғы конференциялары, дөңгелек үстелдері мен форумдарының материалдар жинағы талқыланып, басылымға ұсынылды. Ғылыми кеңес мүшелері жинақтарда ұсынылған мақалалардың мазмұны мен өзектілігін, ақпараттық кестелермен және схемалармен толықтырылғанын атап өтті. Басылымдар ғылыми-теориялық және қолданбалық жағынан басқа да мәдени-ағарту орталықтары мен мемлекеттік және ғылыми мекемелерде таратылып, тәжірибеде қолданатындай үлкен маңызға ие.

Басқосуды Ғылыми кеңестің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат түйіндеді: «Ұсынылған басылымдарды әзірлеу Мемлекет басшысының бастамаларын ақпараттық және имидждік ілгерілету, патриоттық тәрбие беру және елдің тарихи мұрасын насихаттау бойынша Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының жан-жақты қызметін айқын көрсетеді. Жақсы талқылау болды. Барлық ұсынылған баспа жобалары – әріптестеріміз жүргізген ауқымды зерттеу жұмыстарының нәтижесі».