
А.ж. 24 қазанда Астана қаласындағы №90 «Еркежан» балабақшасының даярлық тобының тәрбиеленушілеріне «Музей және балалар. Кішкентайларға арналған жолсілтеуші-әліппе» ғылыми-ағартушылық жобасын іске асыру аясында көшпелі музей сабағы өткізілді.
Сабақ барысында болашақ оқушылар жұмбақтар шешіп, түрлі ойын тапсырмаларын орындап, әліпбимен танысып қана қоймай, жаңа сөздер мен ұғымдарды білді, сондай-ақ музей әлемін қабылдау арқылы мәдени-тарихи құндылықтармен танысты.
Көрнекілік ретінде Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының музей қорларынан балалар мұқият қарап, тіпті қолмен ұстап көре алатын жәдігерлер ұсынылды.
«Президенттік орталық қызметкерлеріне ұлттық мереке қарсаңында балаларымызға музей сабағын өткізгені үшін алғысымды білдіремін. Бізге де, тәрбиеленушілерімізге де еліміздің тарихына үңіліп, музей экспонаттарын тамашалаған қызық болды. Балаларға сабақ қатты ұнады, олар енді музейлерді барып көргісі келеді деп ойлаймын», – деп атап өтті тәрбиеші Наталья Кравчук.