
25 қазан – Қазақстан тарихындағы ең маңызды даталардың бірі. Осыдан 33 жыл бұрын дәл осы күні Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға тұңғыш қадамын жасады.
Қазақстанның толық мемлекеттік тәуелсіздігін ресімдеудің жаршысы болған бұл тарихи құжатта алғаш рет ел аумағының тұтастығы, бөлінбейтіні және мызғымастығы сияқты басты саяси-құқықтық негіздері бекітілді.
Былтыр Мемлекет басшысының бастамасымен Республика күні қайта жаңғырып, ұлттық мереке мәртебесіне ие болды.
Осындай айтулы күн қарсаңында Президенттік институт призмасы арқылы тәуелсіздігіміздің тарихи мұрасын зерделеу мен насихаттаумен айналысатын Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының құрылуы ерекше мәнге ие.
Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні Сізге игілік пен бақыт, бақ-дәулет пен ырыс тілеймін. Еліміздің дәулеті, жеріміздің сәулеті жолындағы игілікті істеріңіз табысты болсын!
Құрметпен,
Қазақстан Республикасы
Президенттік орталығының
директоры
Бақытжан ТЕМІРБОЛАТ