Қараша айында еліміздің мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Жаңа шындықтағы Қазақстан: жастар өзгерістер дәуірінде» атты онлайн семинар-тренингтер сериясы өтті. Бағдарламаға Қарағанды техникалық және Павлодар педагогикалық университеттерінің студенттері (4-5 қараша), Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Торайғыров университетінің студенттері (11-12 қараша), сондай-ақ Қарағанды және Павлодар облыстарының мектеп оқушылары (18-19 қараша) қатысты.
Білім беру бағдарламасы аясында жастар «Әділетті Қазақстан» саяси бағытын, институционалдық реформаларды, жаңа қоғамдық этиканы және ұлттық құндылықтарды талқылады, сондай-ақ командалық өзара іс-қимыл дағдыларын дамыту және әлеуметтік жобаларды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізді. Вебинар жастарға ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты биылғы Жолдауының негізгі бағыттарын тереңірек түсінуге және алдағы өзгерістерді жүзеге асырудағы өз орнын көруге көмектесті.
Іс-шара тыңдаушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Қарағанды облысы, Абай ауданы, М. Мақатаев атындағы мектебінің 9-сынып оқушысы Ансар Жакенов адалдықты, әділдікті және жауапкершілікті негізгі бағыттар ретінде атап, әртүрлі көзқарастармен алмасу тақырыпты тереңірек түсінуге және белсенді азаматтық ұстанымның құндылығын сезінуге көмектескенін атап өтті. Павлодар қаласынан Торайғыров университетінің студенті Даниял Ғалым оқудың практикалық пайдасына назар аударып, жастардың бүгінгі күні ел дамуының басты қозғаушы күші екенін атап өтті. Өз кезегінде, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті Ақниет Мұхамбедина семинар тақырыптарын Абайдың бес асыл іс туралы ілімімен және «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасымен байланыстырып, қоғам мен елдің жарқын болашағы әр адамның жеке жауапкершілігінен және оң өзгерістерінен басталатынын қорытындылады.