Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күні қарсаңында елордалық № 6 гимназияның бесінші сынып оқушылары үшін «Теңге – Қазақстанның ұлттық валютасы» тақырыбында танымдық көшпелі сабақ ұйымдастырылды.
Тарихи шолу барысында оқушылар түркі мәдениетіндегі «теңге» атауының мағынасын, 1993 жылғы 15 қарашада төл теңгенің айналымға енген сәтін және оның ел егемендігін нығайтудағы рөлін білді.
Балалар тұңғыш банкноттардың дизайнын әзірлеген отандық суретшілердің есімдерімен танысты, Алматыда Банкнот фабрикасы ашылғанға дейін алғашқы қағаз ақшалардың Ұлыбританияда басылып шыққаны туралы мәлімет алды. Сабақта ақша эволюциясына – естелік және коллекциялық монеталардан бастап заманауи цифрлық теңгеге дейінгі даму кезеңдеріне ерекше назар аударылды, сондай-ақ ресми ₸ графикалық таңбасының пайда болу тарихы мен қазіргі банкноттардың негізгі қорғаныс элементтері зерделенді.
Оқушылар алған білімдерін интерактивті әдіспен бекітті. Топтарға бөлініп, «Жалған ақша жасаушы» детективтік ойынында қаржы сарапшысы рөлін атқарып, түпнұсқа банкноттарды жалған ақшадан ажыратуды үйренді. Сабақ соңында викторина сұрақтарына жауап берді.
Бұл танымдық сабақ оқушылардың дүниетанымы мен қаржылық сауаттылығын арттырып, төл теңгенің тарихи-мәдени құндылығын тереңірек ұғындырды.