Басты бет › Адами капитал Қазақстанның «Халықтық құрылыс» бағдарламасының негізі ретінде

Адами капитал Қазақстанның «Халықтық құрылыс» бағдарламасының негізі ретінде

Адами капитал Қазақстанның «Халықтық құрылыс» бағдарламасының негізі ретінде

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылғы 28 қазанда «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, бірқатар маңызды саяси және экономикалық өзгерістерді ұсынды. Мемлекет басшысының Үндеуі елдің жаңа тарихындағы аса маңызды белесті білдіреді. Қазақстанда биліктің жаңа архитектурасын қалыптастыру құқықтық және институционалдық тұрғыдан аяқталды. Жаңартылған Конституцияның қабылдануымен, жаңғыртылған мемлекеттік институттардың, соның ішінде Құрылтай мен Халық Кеңесінің іске қосылуымен саяси жүйені түбегейлі құру процесі тәмамдалды.
Ел Президентінің Жолдауы біздің көз алдымызда қарқынды өзгеріп жатқан әлемдегі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанды жүйелі түрде жаңғырту шараларының нақты бағдарламасын қамтитындықтан, бірегей сипатқа ие. Әрине, Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың бір бөлігі ретінде жаһандық үдерістерден тыс қала алмайды. Бұл ретте Президент жаһандық сын-қатерлердің күшеюі жағдайында кез келген жүйелі реформалар мен прогресс, ең алдымен, қатаң ішкі тәртіп, қоғамдық келісім мен мызғымас бірлік болмаса мүмкін емес екенін ерекше атап өтеді. Тәуелсіздік пен егемендікті қорғау мәселелері әрқашан да күн тәртібінде болмақ, бұл ұлтымыздың ауқымды ішкі міндеттер алдында барынша жұмылуын талап етеді. Еліміз осы жаңа тарихи кезеңге қадам басқан сәтте өзгерістердің сәтті жүзеге асуының басты критерийі – институттардың сыртқы жаңаруы емес, ұлттық экономика үшін нақты қайтарым және әрбір қазақстандықтың шынайы әл-ауқаты.
Ауқымды инфрақұрылымдық жобалар, энергетиканы жаңғырту (соның ішінде атом генерациясын дамыту), өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын және логистиканы өркендету Қазақстан экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер туғызуда. Мемлекет басшысының ел тарихындағы ең ірі «Халықтық құрылыс» бағдарламасының басталғанын жариялаған Жолдауы аясында бұл өзгерістер түбегейлі жаңа сатыға өтуде. Ұлттық қордан 2029 жылдың соңына дейін шамамен 6,5 триллион теңге бөлінетін ауқымды құрылыс және технологиялық жаңғырту үдерісі сапалы әрі жедел кадрлық жауапты талап етеді. Бұл өзгерістердің барлығы да адами капиталға тікелей байланысты. Қазіргі әлемде дәл осы адамдардың білімі, құзыреттілігі, инновациялық ойлау қабілеті мен белсенді азаматтық ұстанымы прогрестің басты қайнар көзіне айналып отыр. Егер бұрынырақта мемлекеттердің дамуы, ең алдымен, табиғи байлықпен байланыстырылса, бүгінде елдердің басым көпшілігі басты байлық – адам екенін барған сайын тереңірек түсінуде.
Бұл ой, әсіресе, жас ұрпақ үшін өте маңызды.
2026 жылдың басына қарай Қазақстандағы 14 пен 34 жас аралығындағы жастардың саны 5,89 млн адамды құрады, бұл елдің жалпы халқының 28%-дан астамы деген сөз. Бұл біздің қоғамымыздың қуатты ресурсы, сонымен бірге үлкен жауапкершілік.
Бүгінде Қазақстанға тек инженерлер, технологтар мен IT-мамандары ғана емес, сонымен бірге жасанды интеллект технологияларын нақты сектор мен мемлекеттік басқаруға енгізуге дайын кәсіби мамандар қажет. Бізге әртүрлі салалардың тоғысында жұмыс істей алатын, капиталды көп қажет ететін трансшекаралық жобаларды басқаруға және жаңа цифрлық шындықтың сын-қатерлеріне жауап беруге қабілетті заманауи басқарушылар, кәсіпкерлер мен зерттеушілер керек.
Отандық жоғары білім беру жүйесінің алдында тұрған түбегейлі міндет – мемлекеттің стратегиялық бағытымен үйлесу. Механикалық түрде білім беруден қолданбалы құзыреттіліктерді қалыптастыруға көшу қажет: сыни тұрғыдан ойлауды дамыту, инновациялық шешімдер жасау қабілеті және, ең бастысы, түпкілікті нәтиже үшін қатаң жеке жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын болу маңызды.
Өйткені, дәл осы білім алушы жастар елдің зияткерлік және кәсіби әлеуетін қалыптастырады. Мемлекет басшысы адами капиталды мемлекеттің ең құнды активі, ал білім, ғылым және технологияларды дамытуды –тұрақты болашақтың кілті деп атап көрсетті.

Бұл басымдықтардың халықаралық қоғамдастықтың жаһандық міндеттерімен үндесуі де кездейсоқ емес. Біріккен Ұлттар Ұйымы Тұрақты даму мақсаттары аясында сапалы білім беру, лайықты жұмыс, инновациялар және адами әлеуетті дамыту сияқты бағыттарды басты назарға қояды. Бұл мақсаттар тұрақты дамудың адамдарға, олардың біліміне, денсаулығына және шығармашылық қабілеттеріне инвестиция салмайынша мүмкін еместігін айқындайды.
Бұл пайым мемлекет дамуының зияткерлік және кәсіби негізін қалайтын студент жастар – болашақ мамандар, ғалымдар, инженерлер, педагогтар мен дәрігерлер үшін айрықша өзекті.
Қазақстан Еуразияның негізгі технологиялық, логистикалық және инфрақұрылымдық хабына айналып жатқан дәуірде дәл осы белсенді мамандардың жаңа буыны Прогрессивті әрі Қуатты Қазақстанды құрудың басты қозғаушы күшіне (драйверіне) айналуы тиіс.

Ж. Р. Жабина
Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы
Халықаралық жобалар қызметінің жетекшісі