Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында «Конституция негіздері», «Заң мен Тәртіп»: Құқықтық білім берудің сабақтастығы және оқыту ерекшеліктері» атты қалалық практикалық семинар өтті. Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Семинарға жастарға құқықтық тәрбие берудің заманауи тәсілдерін талқылау және оқу үдерісін цифрлық дәуірдің талаптарына бейімдеу мақсатында елордалық мектептердің тарих пәні мұғалімдері мен жас мамандары жиналды.
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы жүйесінің Бас тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Серік Сыдықов қатысушыларға кіріспе сөз сөйледі.
«Құқықтық пәндерді білім беру процесіне енгізу – бұл қоғамда құқықтық сананы қалыптастыруға және Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған стратегиялық қадам. Басты мақсат – заңдарды жаттанды түрде үйрету емес, заң бойынша өмір сүретін және үш негізгі құндылықты: құқыққа деген құрметті, дамыған құқықтық сананы және терең азаматтық жауапкершілікті басшылыққа алатын азаматтарды тәрбиелеу. Президент атап өткендей, заң мен тәртіп – бұл елдің тұрақты дамуының негізі. Бұл семинар педагогтарға аталған қағидаттарды әрбір оқушының бойына сіңіруге көмектесетін нәтижелі шешімдер әзірлеудің тиімді алаңына айналуы тиіс», - деп атап өтті Серік Сламжанұлы.
Пленарлық бөлімде сондай-ақ Астана қаласы білім басқармасы Жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы Асыл Амангелдиева және Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар зертханасының меңгерушісі Айнұр Архыматаева сөз сөйледі. Семинардың модераторы Әдістемелік орталықтың Орта білім беру бөлімінің әдіскері Жанар Төлеуқасымова болды.
Семинар барысында елорданың жетекші педагог-шеберлері мен зерттеушілері мектеп оқушыларының құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру тәжірибесімен бөлісті. Олар заманауи киберқауіптерге қарсы тұру және кәмелетке толмағандардың заңды жауапкершілігін түсіндіру мәселелерін егжей-тегжейлі талдап, құқықтық пәндерді оқытудың тиімді интерактивті әдістемелері мен патриоттық тәрбие беру жолдарын көрсетті. Президенттік орталықтың мамандары тақырыптық дәрістер, музей сабақтары мен интерактивті семинар-тренингтер өткізу арқылы Орталықтың бірегей музей, мұрағат және кітапхана қорларын оқу үдерісіне ықпалдастыру мүмкіндіктерін көрсетті.
Семинар жұмысы қорытынды жасау және рефлексия сессиясымен аяқталды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, алынған ұсынымдарды оқу үдерісіне енгізу жоспарларын талқылады.