ҚР ПІБ Президенттік орталығында «Қазақстанның стратегиялық бағдарлары: тарихи призма арқылы болашаққа көзқарас» атты Республика күніне арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері, еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының басшылары, сондай-ақ елорданың жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты. Барлығы 60-қа жуық адам қамтылды.
Талқылауда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңыздылығы, оны дайындау және қабылдау мән-жайлары, сондай-ақ оның Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы іргелі рөлі секілді мәселелері басты орын алды. Халықаралық қатынастардың және геосаяси архитектураның өзгеруіне байланысты заманауи сын-қатерлерге де ерекше назар аударылды. Талқылау барысында сондай-ақ тарихи жадыны сақтау, жалпыұлттық бірлікті нығайту, қоғамдық диалогты дамыту және Қазақстанды одан әрі жаңғыртуға бағытталған практикалық ұсынымдар әзірлеу мәселелері қозғалды.
ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат кіріспе сөзінде Қазақстанның даму перспективаларын айқындау үшін елдің тарихи тәжірибесін түсінудің маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінгі дөңгелек үстеліміз Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығымен және еліміздің жаңа Конституциясын іске асырудың бастапқы кезеңімен тұспа-тұс келіп отырған Республика күніне арналады. Қабылданған жаңа реформа «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» моделі үшін берік негіз қалады. Президенттің өкілеттілігі шектеліп, жоғары заң шығарушы органның рөлі күшейтілді, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндіктері кеңейтілді. Алайда, өзгерістердің басты мәні – билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлуде емес, елдің барлық қоғамдық-саяси өмірін терең децентрализациялау және демократияландыруда. Жаңа болмыстың тұжырымдамалық элементтерінің бірі – «Құрылтай – Халық Кеңес» қоғамдық-саяси буынның құрылуы. Бұл ауылдық жерлерден бастап орталық билік органдарына дейінгі барлық деңгейде шешім қабылдау процестеріне ел азаматтарды тартуға жағдай жасайды. Дегенмен, ендігі кезде Ата заңда бекітілген саяси-құқықтық конструкция мен оның жұмыс істеу қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асырудың маңызы кем түспейтін уақыты келді», - деді Б. Темірболат.
Дөңгелек үстел аясында Қазақстан Республикасының Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова да сөз сөйледі.
«Мемлекеттік егемендік туралы декларация еліміздің тәуелсіздікке жолын бастап айқындады. Бұл құжаттың тарихи маңызы тек саяси дербестікті жариялауға ұмтылуда емес, онда мемлекеттің аумақтық тұтастығы, экономикалық дербестігі, ұлттық мәдениеті мен тілін дамыту секілді іргелі қағидаттар көрініс тапты. Бір ұрпақ тәуелсіздіктің іргесін қалады, екінші ұрпақ мемлекеттік институттарын құрды, ал біздің ұрпақтың алдында тәуелсіздікті жаңа тарихи жағдайда нығайту міндеті тұр. Қазіргі жағдайда егемендіктің мазмұны кеңейіп келеді. Бүгін ол тек мемлекеттік шекара немесе саяси дербестікпен өлшенбейді. Оның жаңа өлшемдері бар. Ол – интеллектуалдық әлеует, экономикалық тұрақтылық, әлеуметтік әділеттілік және ұлттық бірегейлік», - атап өтті спикер.
Қазақстан Халық Кеңесінің Жалпыұлттық бірлік мәселелері жөніндегі салалық комиссияның төрайымы Наринэ Микаелян мемлекеттілікті нығайтудағы қоғамдық келісімнің, бірлік пен азаматтық жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталды: «Конституциялық деңгейде алғаш рет азаматтық қоғам мен ел өңірлері өкілдерінің жалпыұлттық бірліктің неғұрлым маңызды жалпыазаматтық міндеттері мен мәселелерін талқылауға жүйелі қатысуына арналған тұрақты жұмыс істейтін институт құрылды. Қазақстан Халық Кеңесін құрып, оның қызметін ұйымдастыру – Президентіміздің бастамасымен қолға алынған конституциялық реформаның, сондай-ақ Қазақстанның саяси жүйесінің дәйекті эволюциясының практикалық нәтижесі».
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Талдау және конституциялық іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі Әмір Омаров Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи рөлі, оның қазіргі қазақстандық мемлекеттілікті және тәуелсіздікті қалыптастырудың негізгі кезеңдері арасындағы сабақтастықты сақтау маңыздылығы секілді мәселелеріне назар аударды.
«Тарих тұрғысынан болашаққа көз жүгірту бірнеше маңызды тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Біріншіден, мемлекеттің тұрақтылығы оның іргелі құндылықтарын сақтап қалу қабілетімен айқындалады. Екіншіден, қағидаттарды жариялау – бұл жолдың басы ғана. Олардың шынайы мәні заңнаманың негізіне айналғанда ғана ашылады. Үшіншіден, болашақтың стратегиялық бағдарлары тарихи тәжірибеге сүйенуі тиіс. Декларацияның тарихы құқықтық шешімдерді жүзеге асырудағы дәйектілігі идеяларды орнықты мемлекеттік институттарға айналдыра алатынын көрсетеді. Бүгінгі таңда бұл міндет жаңа сипатқа ие болуда. Қол жеткізген жетістіктерді сақтап қана қоймай, конституциялық қағидаттардың қоғамдық өмірдің барлық саласында толыққанды іске асуын қамтамасыз ету маңызды»,- деді Ә. Омаров.
Сонымен қатар, іс-шара барысында ҚР СІМ Сыртқы саяси талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің басқарма басшысы Ермұхан Баймұрынов, ҚР ҰӘҚ Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов және ҚР МАМ жанындағы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Найла Мұхтарова да сөз сөйледі.
Қатысушылардың баяндамалары дөңгелек үстел тақырыбын әртүрлі зерттеу және практикалық ұстанымдардан – Қазақстанның егемендігі мен сыртқы саяси басымдықтарының қалыптасуын тарихи талдаудан бастап, қоғамдық даму мәселелеріне және жастардың ел болашағын қалыптастырудағы рөліне дейін қарастыруға мүмкіндік берді.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстанның тарихи мұрасын одан әрі зерделеу мен дәріптеудің, ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың және билік органдары, сарапшылар қауымдастығы мен қоғам арасындағы мазмұнды диалогты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Егемендіктің бастауларына жүгіну және өткен тарихи жолды түсіну елдің болашағы туралы стратегиялық көзқарасты қалыптастырудың маңызды шарттары ретінде белгіленді.