ҚР Президенттік орталықта суретші Әділғали Баяндиннің қатысуымен «Талғам түйіндеген талант» көрмесі аясында авторлық экскурсия өткізілді. Іс-шараға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті колледжінің студенттері қатысты.
Авторлық экскурсияның басты ерекшелігі – көрме экспозициясын суретшінің өз пайымы мен шығармашылық тәжірибесі арқылы танып-білу мүмкіндігі. Кездесу барысында жастар өнер иесінің шығармашылық әлеміне бойлап, туындыларының мазмұны мен көркемдік ерекшеліктерін автордың баяндауы арқылы зерделеуге мүмкіндік алды.
Суретшімен тікелей жүздесу көрерменнің өнер туындыларын қабылдау көкжиегін кеңейтіп, олардың идеялық мазмұнына тереңірек үңілуге жол ашады. Мұндай форматтағы экскурсиялар өнерді дайын ақпарат арқылы таныстырумен шектелмей, автор мен келушілер арасындағы мазмұнды диалогке негізделеді. Бұл өз кезегінде жастардың эстетикалық талғамын қалыптастыруға, көркем мәдениетке қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
ҚР Президенттік орталықта ұйымдастырылатын осындай мәдени-танымдық кездесулер көркем мұраны насихаттауға, шығармашылық тұлғалардың еңбегін кеңінен танытуға және келушілердің өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.