2026 жылғы 2 қазанда сағат 15:00-де ҚР ПІБ Президентінің Орталығында «Қазақстан жолы» жобасы аясында «Қазақстанның жұлдызды жолы: ғарыш қаһармандарының мерейтойларына орай» атты көрменің ашылуы өтеді. Көрме қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына 35 жыл толуына, 80 жылдық мерейтойына және тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Талғат Мұсабаевтың 75 жылдығына арналған.
1991 жылғы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен Байқоңыр ғарыш айлағынан ғарышқа ұшып, Қазақстан тарихындағы тұңғыш ғарыш сапарын жүзеге асырды. Оның ғарышқа сапары тарихи маңызы бар оқиғаға айналып, Қазақстанның ғарышты игеру тарихында жаңа кезеңнің басталуына жол ашты.
Экспозицияда үш рет ғарышқа ұшқан Талғат Мұсабаевтың ғарыш қызметіне де ерекше орын берілген. Ол ғарышта жалпы 341 тәулік 9 сағат 48 минут болып, ашық ғарыш кеңістігіне жеті рет шықты және онда 41 сағат 15 минут жұмыс атқарды.
Экспозиция қазақстандық ғарышкерлердің кәсіби жолы мен тәуелсіз Қазақстанның ғарыш саласының дамуына қатысты материалдарды бір кеңістікте тоғыстырады.
Көрме екі бөлімнен тұрады:
- «Ғарышкерлер – қаһармандар: Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев»;
- «Қазақстанның ғарыш саласы: жаңа белестер».
Бірінші бөлімде Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың ғарыш сапарларына қатысты бірегей музейлік заттар ұсынылады. Олардың қатарында Тоқтар Әубәкіровтің ғарыштық киіміндегі қолғап, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы, Байқоңыр жерінің топырағы салынған капсула, Талғат Мұсабаевтың ғарышқа өзімен бірге алып барған басқа да заттары, сондай-ақ ғарышкерлердің тамақ өнімдері бар.
Екінші бөлім тәуелсіз Қазақстанның ғарыш саласының дамуына, оның ішінде Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапарына, саланың заманауи жетістіктері мен перспективалық даму бағыттарына арналған. Келушілер жасанды Жер серіктерінің макеттері мен басқа да материалдарды тамашалай алады.
Аккредитация міндетті!
БАҚ өкілдерінен 2026 жылғы 2 қазан сағат 10:00-ге дейін өз деректерін төмендегі электрондық пошта мекенжайына жіберуді сұраймыз: presidentcenter5@gmail.com
Мекенжай: Астана қ., Бөкейхан көшесі, 1а.