23 қыркүйекте Астана қаласының Экономика-заң колледжінің студенттеріне «Қазіргі заманның экологиялық проблемалары: жай-күйі және шешу жолдары» тақырыбында көшпелі дәріс өткізілді.
Дәрісте климаттың өзгеруі салдарынан елімізде соңғы жылдары орын алған экологиялық мәселелер – экстремалды ауа райы құбылыстарынан бастап, су тапшылығы мен ауыл шаруашылығындағы түйткілдерге дейін қарастырылды. Мысалы, Абай және Қостанай облыстарындағы орман өрттері, суаруға арналған трансшекаралық судың жетіспеушілігі, сондай-ақ еліміздің барлық дерлік өңірлерін қамтыған су тасқыны және т.б. мәселелер сөз болды. Экология саласындағы ұлттық тұжырымдамаларға, жобалар мен жоспарларға ерекше назар аударылды. Бұл жай ғана экологиялық жауапкершілік мәселесі емес, бұл – экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, болашақ ұрпақтың әл-ауқаты мен планетаны сақтап қалу үшін аса маңызды қажеттілік екені атап өтілді.
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев ағымдағы жылдың сәуір айындағы «Тұрақты болашақ – ортақ көзқарас» Өңірлік экологиялық саммитінде: «Қазіргі экология тек климат мәселесімен шектелмейді. Бұл – адамзат тіршілігінің түп негізі. Яғни әңгіме таза ауа мен сапалы суға, бүлінбеген топырақ пен сенімді азық-түлік жүйесіне, қоғамның тұрақтылығына және ұрпақтың келешегіне қатысты болып отыр. Жалпы ақыл-ойдың тұнықтығы, қоғамдағы үйлесім мен адами бақыт та осыған саяды», - деп атап өткен болатын.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясының жүзеге асырылу барысы да қызу талқыға түсті. Бұл акцияның мақсаты – елдегі экологиялық жағдайды жақсарту ғана емес, сонымен бірге азаматтар бойында экологиялық жауапты ойлау жүйесін қалыптастыру, патриотизмді ояту, табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін дамыту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне халықтың белсене қатысуын арттыру болып табылады.