Басты бетПрезиденттік орталық жазғы демалыстан кейін музей сабақтарын қайта бастады

Президенттік орталық жазғы демалыстан кейін музей сабақтарын қайта бастады

Президенттік орталық жазғы демалыстан кейін музей сабақтарын қайта бастады Президенттік орталық жазғы демалыстан кейін музей сабақтарын қайта бастады

Ағымдағы жылдың 15 және 17 қыркүйегінде ҚР Президенттік орталығының қызметкерлері жаңа оқу жылындағы алғашқы музей сабақтарын өткізіп, оларды дала зергерлерінің бай мұрасына арнады. Ұзаққа созылған жазғы демалыстан кейін танымдық дәрістер циклі ел тарихын, дәстүрлері мен ұлттық мәдени кодын тереңірек танып-білуге ұмтылған елордалық оқушылар үшін өз жұмысын қайта бастады.
Күзгі сабақтар сериясының алғашқы тыңдаушылары – елордалық № 28 Мерей Макажанов атындағы мектеп-лицейі мен №30 мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушылары. Сабақ бағдарламасы «Қазақтың зергерлік өнері» тақырыбына арналды.
Сабақ барысында оқушылар көшпелі өркениеттің мәдени әлеміне саяхат жасады. Дәріс барысында жас қонақтарға қазақ мәдениетіндегі күмістің сакралды мәні, соғу, дәнекерлеу, зерлеу және филигрань жасау секілді бірегей зергерлік техника түрлері, сондай-ақ ұлттық ою-өрнектердің астарлы символикасы туралы кеңінен баяндалды. Оқушылар зергерлік бұйымдардың дала мәдениетінде адамның әлеуметтік «төлқұжаты» қызметін атқарғанын, оның мәртебесін, жас ерекшелігін және шыққан өңірін айқындауға мүмкіндік бергенін білді.
Жетінші сынып оқушыларының ерекше қызығушылығын ірі білезіктерді, шашқа тағылатын әсем әшекейлерді, сондай-ақ мөрлі жүзіктерді тікелей көру мүмкіндігі тудырды.
Айта кетейік, музей сабақтары мектеп оқулықтарының шеңберінен шығып, ұлттық мәдениеттің бастауына жақынырақ танысуға және халқымыздың тарихи-мәдени мұрасын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.