ҚР ПІБ Президенттік орталығында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Әділғали Баяндиннің «Талғам түйіндеген талант» атты жеке көрмесінің ашылу рәсімі өтті. Экспозиция «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараға мемлекеттік мекемелердің, қоғам мен мәдениет саласының өкілдері, музей және өнер қауымдастығының мүшелері, мәдениет пен өнер қайраткерлері, сондай-ақ бейнелеу өнеріне қызығушылық танытқан көрермендер қатысты.
«Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын дәріптеуге, отандық бейнелеу өнерін қолдауға және заманауи өнер арқылы ұлттық бірегейлікті танытуға бағытталған.
«Өнердің сөзбен айтып жеткізе бермейтін дүниелерді сақтап қалатын ерекше қасиеті бар. Бейнелерде, түстерде, сызықтар мен композицияда адамның болмысы, оның туған жерімен, тарихымен және мәдениетімен байланысы көрініс табады. Таныс бейнелерге, тарихи сарындар мен ұлттық рәміздерге жүгіне отырып, суретші қоршаған ортаға деген өзіндік көзқарасын қалыптастырады және осылайша көрерменмен диалог орнатады. Сондықтан Әділғали Баяндиннің туындыларын тек эстетикалық тұрғыдан ғана емес, ұлттық болмыс туралы түсінігіміз қалыптасатын заманауи мәдени үдерістің бір бөлігі ретінде қабылдау маңызды. Экспозиция жаңа ойлар мен тың жаңалықтарға жол ашады деп сенемін. Ал әрбір көрермен үшін бұл таныс мәдени құндылықтарды автордың өзіндік көркемдік қабылдауы арқылы жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.
Әділғали Баяндиннің көрмесі қазақ халқының мәдениеті, тарихы мен дәстүрлері, сондай-ақ Қазақстанның табиғаты мен көрікті жерлері бейнеленген туындыларды қамтиды. Суретшінің шығармаларында ұлттық бастауларға деген терең құрмет, көркемдік тілдің айқындығы мен композицияны өзіндік сезіну ерекшелігі үйлесім тапқан.
«Жеке көрмемді өткізуге мүмкіндік берген Қазақстан Республикасы Президенттік орталығына және оның барлық ұжымына шынайы алғысымды білдіремін. Әсіресе, Президенттік орталық қызметкерлерінің экспозицияны қалыптастыру, туындыларды іріктеу және көркемдік безендіру бағытында атқарған ауқымды еңбегін атап өткім келеді. Кәсіби әрі ұқыпты тәсілдің арқасында әрбір туынды өз орнын тауып, автордың шығармашылық ойын ашатын тұтас көрме кеңістігі қалыптасты. Өз шығармашылығымды Президенттік орталықта ұсынып, өнерге және қоршаған ортаға деген көзқарасыммен көрермендермен бөлісу мен үшін үлкен мәртебе», – деді Әділғали Баяндин.
Көрмеге 60-тан астам шығарма қойылған. Олардың қатарында Қазақстанның киелі және көрікті мекендеріне арналған пейзаждық топтамалар, портреттер, тақырыптық және абстрактілі композициялар бар.
Әділғали Баяндин 1966 жылғы 14 желтоқсанда Ақтөбе облысында дүниеге келген. Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін және Қазақ мемлекеттік өнер академиясын «Монументтік-сәндік кескіндеме» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Суретші отандық өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар кәсіби марапаттарға ие болған. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі (2017), Астана қаласының «Жыл суретшісі» атағы (2017), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет» ордені (2021) бар.
Суретші кітап иллюстрациясы саласында да еңбек етеді. Ол «Қобыланды», «Көтібар алмас қылыш – Ел тірегі» эпостарына иллюстрациялар жасаған. Сонымен қатар сәулет және мемориалдық жобаларға, оның ішінде «Көтібар батыр» және «Бекқұл әулие» кесенелерін жасау жұмыстарына қатысты.
Суретшінің туындылары Ұлыбритания, Франция, Бельгия, Түркия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Кипрде өткен халықаралық көрмелерде таныстырылған. Оның еңбектері Қазақстанның мемлекеттік музейлерінде, дипломатиялық өкілдіктерде, сондай-ақ Германия, Франция, АҚШ, Испания, Италия, Корея Республикасы және Түркиядағы жеке коллекцияларда сақтаулы.
«Талғам түйіндеген талант» атты жеке көрме Президенттік орталықта бір ай бойы жұмыс істейді.