2026 жылғы 16 қыркүйекте сағат 15.00-де ҚР ПІБ Президенттік орталығында «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы аясында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Әділғали Баяндиннің «Талант пен талғампаздық үндестігі» атты жеке көрмесінің ашылу рәсімі өтеді.
«Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы еліміздің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға, отандық бейнелеу өнерін қолдауға және заманауи өнер туындылары арқылы ұлттық бірегейлікті зерделеуге бағытталған.
Көрме экспозициясына суретшінің 60-тан астам туындысы қойылады. Олардың қатарында Қазақстанның киелі әрі көрікті мекендеріне арналған пейзаждар, портреттер, тақырыптық және абстрактілі композициялар бар. Суретшінің шығармаларында қазақ халқының мәдениеті, тарихы мен дәстүрлері көрініс тауып, ұлттық құндылықтарға деген құрмет заманауи көркемдік көзқараспен сабақтасады.
Әділғали Баяндин – отандық бейнелеу өнерінің танымал шебері, кескіндеме туындыларының, кітап иллюстрацияларының және сәулеттік-мемориалдық жобалардың авторы. Оның еңбектері Ұлыбритания, Франция, Бельгия, Түркия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Кипрде көрмеге қойылған. Сондай-ақ суретшінің туындылары Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейлерінің қорларында, дипломатиялық өкілдіктерде және шетелдегі жеке коллекцияларда сақтаулы.
«Талант пен талғампаздық үндестігі» көрмесі көрермендерге суретшінің сан қырлы шығармашылығымен танысып, Қазақстанның ұлттық мәдениеті мен тарихи мұрасының заманауи көркемдік тұрғыда пайымдалуын тамашалауға мүмкіндік береді.
Көрме бір ай бойы жұмыс істейді.
Аккредитация міндетті!
БАҚ өкілдерінен 2026 жылғы 15 қыркүйек сағат 18:00-ге дейін өз деректерін төмендегі электрондық пошта мекенжайына жіберуді сұраймыз: presidentcenter5@gmail.com
Байланыс нөмірі: 8 (7172) 75-35-52, +7 707 955 59 05 (Оңалбаева Сауле).
Мекенжай: Астана қ., Бөкейхан көшесі, 1а.