2026 жылғы 4 қыркүйектен бастап ҚР ПІБ Президенттік орталығында Қазақстан Республикасындағы Отбасы күніне орайластырылған «Отбасы. Дәстүр. Мәдениет» тақырыптық қор көрмесі ашылды. Көрме отбасының қоғамның негізі, рухани-адамгершілік құндылықтардың, мәдени дәстүрлер мен тарихи жадтың сақтаушысы ретіндегі маңызын ашуға арналған.
Қазақстанда Отбасы күні 2013 жылғы 1 наурызда белгіленген. Атаулы күн жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде атап өтіледі.
Көрме экспозициясына Қазақстан және шетел халықтарының отбасылық салт-дәстүрлерін, ұлттық ерекшеліктері мен қонақжайлық мәдениетін танытатын музей жәдігерлері мен дипломатиялық сыйлықтар енгізілген.
Экспозицияның мазмұны Мемлекет басшысына тарту етілген дипломатиялық сыйлықтар арқылы да айқын көрініс табады. Әртүрлі елдердің шеберлері жасаған бұйымдар халықаралық өзара құрмет пен достықтың, мәдени диалогтың көрінісі болып табылады. Олар дәстүрлі құндылықтардың ұлттық және географиялық шекараларға қарамастан адамдарды біріктіретінін көрсетеді.
Көрмеге Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Еуропа елдері, Беларусь, Жапония, Түркия, Вьетнам, Таиланд, Өзбекстан, Тәжікстан және Венгрия елдерінің мәдениетін танытатын жәдігерлер қойылған. Әр бөлім келушілерді ұсынылған елдердің отбасылық тұрмыс ерекшеліктерімен, ұлттық дәстүрлерімен және көркемдік мұрасымен таныстырады.
Экспозицияның негізгі тақырыбы – туған үйдің, отбасы бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығының символы саналатын шаңырақ бейнесі. Әртүрлі мәдениеттерде бұл ұғым отбасылық ошақты қадірлеу, үлкенді сыйлау, білім мен салт-дәстүрді ата-анадан балаға жеткізу дәстүрлерінен көрініс табады.
Ғасырлар бойы дастарқан басындағы шай ішу дәстүрі күнделікті тұрмыстың бір бөлігі ғана емес, қарым-қатынас, қонақжайлық пен отбасылық бірліктің маңызды кеңістігі болған. Экспозицияда ұсынылған шай және кофе сервиздері, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, асхана ыдыстары мен тоқыма бұйымдары әр халықтың мәдениетіндегі ортақ дастарқан дәстүрінің ерекшеліктерін танытады.
«Отбасы. Дәстүр. Мәдениет» көрмесі мәдениеттердің алуан түрлілігін әр адамға жақын ұғымдар – отбасы, үй, қонақжайлық, үлкенді құрметтеу және ұрпақтар жады арқылы көрсетеді. Ұсынылған жәдігерлер материалдық мәдениет арқылы тарихтың, дәстүрлер мен халықтардың рухани мұрасының қалай сақталатынын танып-білуге мүмкіндік береді.