Қазақстан тарихын зерттеуде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында жарық көрген статистикалық және ғылыми-зерттеу еңбектерінің маңызы зор. Солардың қатарында Ақмола облысының жер пайдалануы, қазақ халқының шаруашылығы, әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен тұрмыс-тіршілігі туралы құнды мәліметтер беретін сирек басылымдар бар.
Солардың бірі – «Матеріалы по киргизскому землепользованію, собранные и разработанные экспедиціей по изслѣдованію степныхъ областей. Акмолинская область. Т. II. Атбасарскій уѣздъ». 1902 жылы Воронеж қаласында жарық көрген бұл 540 беттік еңбекте Атбасар уезінің жер пайдалану ерекшеліктері, қазақ рулары мен тайпаларының орналасуы, көшіп-қонуы және шаруашылық жағдайы туралы мол дерек қамтылған.
Ал «Матеріалы по киргизскому землепользованію... Акмолинская область. Акмолинскій уѣздъ. Том III-й. Часть II-я» басылымы 1909 жылы жарық көрген. Еңбекте XX ғасырдың басындағы қазақтардың экономикалық және әлеуметтік жағдайына қатысты материалдар ұсынылады. Ақмола уезін зерттеу жұмыстары 1896–1900 жылдары жүргізіліп, оның нәтижелері осы кезеңдегі қазақ қоғамының өмірін тануға мүмкіндік береді.
Қазақ халқы шаруашылығының ерекшеліктерін зерттеуге арналған В. Кузнецовтың «Киргизское хозяйство въ Акмолинской области. Том I. Кокчетавскiй уѣздъ. Повторное изслѣдованiе 1907 года» атты еңбегі 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген. Кітапта Көкшетау уезінің аумағы, халқы, табиғи жағдайы және шаруашылығы туралы мәліметтер берілген.
Бұл қатарды 1910 жылы жарық көрген «Киргизское хозяйство въ Акмолинской области. Том IV. Атбасарскій уѣздъ. Повторное изслѣдованiе 1907 года» басылымы толықтырады. Еңбекте Атбасар уезінің аумағы, климаты, халқы мен шаруашылығы сипатталып, жер өнімділігі, жер нормалары, егіншіліктің дамуы және қазақ шаруашылығындағы өзгерістер қарастырылады.
Аталған еңбектердің құндылығы – сол кезеңдегі қазақ қоғамының жермен байланысын, дәстүрлі шаруашылық жүйесін және әлеуметтік-экономикалық өмірін нақты деректер арқылы көрсетуінде. Сонымен қатар олар патшалық Ресейдің Дала өлкесіндегі жер саясаты мен қоныстандыру үдерістерінің тарихи ерекшеліктерін зерделеуге мүмкіндік береді.
Бүгінде бұл сирек басылымдар Қазақстан тарихының маңызды дереккөздері ретінде ғылыми және тарихи құндылығын сақтап отыр. Олардың сақталуы – өткен дәуірдің құнды мұрасын зерттеп, келер ұрпаққа жеткізудің маңызды кепілі.
Мадина ТАЙТӨЛЕУОВА
Кітапхана жұмысы қызметінің аға сарапшысы